Наурыз айының аяғына дейін Алматыда көлік салығын төлемеген мыңнан аса жүргізушінің темір тұлпары айыптұраққа қойылады. Бұл туралы Медеу ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы хабарлап отыр.
Қазір бұл мақсатта қала бойынша көлік салық төлемегенді тексеру жүріп жатыр.
Осы күнге дейін сот органдары жалпы сомасы 371 млн. теңге қарызы бар 1704 көлік иесіне қатысты шешім шығарып қойған. Бұлардың ішінде, 250 көлікке шектеу қойылып, айыптұраққа әкетілген. Өзге 1454 борышкерге қатысты наурыз айының аяғына дейін дәл осындай шара қолданылатын болады.
Сонымен қатар, көлік салығын төлемеген барлық жүргізушілер Қазақстан аумағынан шыға алмайды, олардың жылжымайтын мүлкі мен банктегі есепшотына да шектеу қойылмақ.
Мұндай жағдайға тап болмас үшін кірістер басқармасы көлігі барларға биылғы жылдың наурыз айының аяғына дейін көлік салығын төлеуді ескертіп отыр.