Нұр-Сұлтан
Қазір
11
Ертең
8
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

Шонжы емес, қалмақтың Шоңжы батыры өлген жер – Дос Көшім

7214

Бұл туралы саясаттанушы Дос Көшім kaz.365info.kz сайтына ономастика туралы берген сүбелі сұқбаттында айтты.

Саясаттанушы еліміздегі жер-су аттарының, көше атауларының алмастырылып жатуы жаппай қазақтандыру дегенді білдірмейтінін ерекше атап өтті. Өйткені осындай стереотипке салып, бұл жағдайды саясиландырып, өз ұпайына пайдаланғысы келетін бөтен пиғылдылар болуы бек мүмкін.

– Көп мемлекетте отарсыздандыру бағдарламасы деген қабылданып, жер-су, көше атаулары жаппай алмастырылды. Өкінішке қарай, бізде ондай бағдарлама қабылданбады. Бұрынғы КСРО құрамында болғандарда десоветизация процесі деген жүрді. Ал бізде ондай процесс те атымен болған жоқ.

Сондықтан біз бұл тұрғыда өте сақ қимылдап, өте жұмсақ саясат ұстанып келеміз.

Ономастикаға бір жылдары мароторий жарияланды. Асыра сілтеу көп боп кетті. Кім көрінген ата-абабасына көше атауын бере бастады. Әсіресе, оңтүстікте. Сөйтіп кішкене мақсаттан ауытқып кеткен жайымыз болды. Осы жағынан алғанда, мароторий құр эмоциямен кетіп қалмай, сәл-пәл ойланып алуымызға мүмкіндік берді. Қазір оның күші жойылды. Жер-су аттарын алмастыру қайта қолға алынды. Осыны күтіп отырғандай бәріміз оған қуандық. Рас ол. Өйткені бұл шараның идеологиялық маңызы Қазақ елі үшін өте зор.

Асқар Жұмаділдаев: «Кеше бір жиналыс болды. Таң қалып қайттым…»

Мысалы, халықтан сүйінші сұрауға болады. Мына, Шығыс Қазақстан облысындағы Зярьяновск атауы өзгерді. Бұрын бұл мүмкін емес секілді көрінген. Өйткені бұл – үлкен қала, тұрғылықты халқының 90 процентінен астамын орыс этносы құрайды. Енді Зырянды Алтай дейтін болдық. Жергілікті депутаттар толық қолдау білдірген, дегенмен ел арасында белгілі бір деңгейде наразылық болған. Әлі де бар.

Сол секілді Қостанай облысындағы Таран ауданының атауын 3 жыл бұрын өзгерте алмаған едік қой. Енді өзгеріп жатыр. Павлодардың қақ ортасындағы үлкен айқай-шу туғызған Кутузов, Суворов деген көшелердің атауы да ақыры өзгертілді. Бұл, шын мәніндегі, жергілікті халықтың талабы мен табандылығының арқасы, – дейді Дос Көшім.

Саясаттанушы қазір қолға алынған ономастиканың төрт ерекшелігін атады.

– Ономастика комиссиясы, біріншіден, идеологиялық тұрғыда ескірген атауларды алып тастау туралы арнайы хат дайындап, 2016 жылы Президент әкімшілігіне жолданған. Оған рұқсат берілді. Сондықтан бұған бұйрық ретінде қарауға мүмкіндік туды. Бұл — аксиома, өмірдің шындығы.

Қазір расында Совет өкіметі жоқ, социализм жоқ. Коммунизм дегенді қазіргі балалар білмейді. Бірақ соған қарамастан еліміздің көп жерінде сол жүйенің көсемдерінің атаулары әлі тұр. Бұл біздің советтік психологиядан әлі арыла алмай келе жатқанымызды көрсетеді.

Алып тастайық десек, дүр ете түсетіндер бар. Оны да көрдік. Қысқасы, ондай атауларды алып тастау нақты шешілген мәселе. Мен бұған қуаныштымын. Мысалы, ескірген атау ретінде Коммунистическая, Октябрь, 1 Май, Крупская, Дзержинский, Ленин, Маркс, Сталин дегенді айтуға болады, меніңше.

Бес көше үшін дүр сілкінді. Ұят жоқ, қызылжарлықтар қазақ атауына қарсы шықты

Екіншіден, ономастика бұрынғы ескі тарихи атауларды қайтаруды қарастырады.

Мысалы, кезінде Қазақстанға тың игеруге келіп, қоныстанған украин, орыс этностары ол арадағы совхоздарға өз атауларын берді: Тимирязев деді, Херсон деді, Полтава деді.

Сөйтіп ол жердің байырғы атаулары ұмтылып қалған еді. Енді соны жаңғырту керек боп жатыр. Мүмкін бұл бір байдың қыстауы болған шығар. Жердің ерекшелігіне қатысты да атауы болуы мүмкін. Мысалы, Жыланды, Ақсу деген секілді. Міне, сол ескі атауларды қайтару керек. Өйткені бұл тарихи шындықтың қайтадан қалпына, өз орнына келуі. Мұны тарихи әділеттілік дейміз. Сондықтан жасанды атаулардан арылу маңызды бізге.

Үшіншіден, бұл әлемдік тәжірибеде бар нәрсе, егер жер-су, көше атауларына ұлы адамдардың аттарын қоятын болса, ол адамның сол араға, жалпы елге жасаған жақсылығы зор болуы тиіс. Дегенмен бұл арада нақтылық жоқ, сондықтан кішкене түсінбестіктер боп жатқан секілді.

Мысалы, біз Совет өкіметі кезінде оқыған адамдарды ғана ұлы деп ойлаймыз. Үлкен адамдарға Суворов, Кутузов, Тимирязевтер ұлы адам секілді көрінеді. Ал оған дейінгі сол жердің ұлы адамдарын, мысалы Қабанбай, Бөгенбайларды олар білмейді. Әсіресе өзге ұлт өкілдері. Өйткені совет тарихын оқығандар қазақ тарихын оқымаған дегендей.

Бірақ қазір бұл міндетті пәннің бірі. Үлкендер білмегенменді кішілер біліп келеді.

«Шыңғысхан Түргенде, Жаркентте туған жоқ» – Қабдеш Жұмаділ

Одан соң Кутузов кім? Ол Ресейдің ұлы тұлғасы. Ол нақты қазақтар үшін қандай ерлік жасады? Қазақты жоңғардан қорғап қалды ма? Жоқ қой. Соны айтсаң, түсінбейді мына үлкендер. Түсінгендей болғанмен, бәрібір түсінбеген кейіп танытады.

Пушкинді, Лермонтовты ұлықтамай жатсақ, оған ренжімеуі тиіс олар. Өйткені ол бөтен елдің тұлғалары. Неге Марк Твен деген көше жоқ, неге Бернард Шоу деген көше жоқ. Өйткені бұлар басқа елдің ұлы тұлғалары ғой. Сол секілді бұл да.

Бұл тек қазақ аттары тұруы тиіс Қазақстан көшелерінде деген сөз емес. Мысалы, Алматыда Затаевич деген көше бар. Бұрын болмаған. Қазақтың 1000 ән-күйін зерттеген ұлы тұлға. Сол секілді Зенков деген көше бар. Архитектор. Мұны неге айтып отырмын? Өйткені ономастика деген әңгіме қозғалса болды, қазақтандыру жүріп жатыр деген стереотипке айналған бір шудың басы қылтия қалады. Жоқ. Бұл қазақтандыру емес. Қазақстанға еңбегі сіңген кез келген этнос та көше, жер-су аттарынан орын ала алады.

Төртіншіден, адам аттарын беруге шектеу қойылды. Бұл тұлғалардың аттарын бермеу керек деген сөз емес. Болады. Қанша батырымыз бен билеріміз, хандарымыз бар. Олардың қазақ елін сақтап қалуда, елін жаудан қорғауда еңбегі шексіз.

Мысалы, Павлодарда Жаяу Мұсаны танымайтын адам жоқ. Үлкен тарихи тұлға. Бірақ онда көше аты да жоқ, ескерткіш те жоқ. Сондықтан ол кісінің атына бір көше берсе болады Павлодар. Ойбай, адам атын беруге болмайды делінген деп шу шығарып жіберуі мүмкін бұл арада. Бірақ сол жерге еңбегі сіңген танымал тұлғалар үшін ерекше мүмкіндік бар. Осыны баса айта кеткім келеді. Ал кейбір әкім-қаралар бар – ата-бабасының атын шығарғысы кеп тұратын. Міне, бұл сондайларға арналған шектеу.

Оқытушы Ұйғыр ауданының атын өзгертуді ұсынды

Бұдан бөлек саясаттанушы жоңғар атауларына да тоқталды.

Қаскелең, Шоңжы, Шамалған деген жоңғар-қалмақ атауларынан алып тастауға қатысты Дос Көшім былай деді:

– Қазақ жауы қорқып, аяғын тартып жүрсін деп олардың батырының есімін өлтірген жерге берген. Мысалы, Шоңжы өлген жер, Қордай өлген жер, Боралдай батыр өлген жер деп атаған. Жауы батырының басы қай жерде жатқанын білсін деді. Қалмақ қырылған деген жер көп қазақта. Бұл да сес көрсетуді білдіреді.

Кейін орыстың жер иеленушілері келіп, картаға жер атауларын түсіргенде ана атаулар ұзақ қой, соңғы жақтары түсіп қалған өздігінен. Жергілікті халық қазір осы атауларына қатысты мәселе көтеріп жүр.

Шоңшы батырды өлтірген Әлмерек батыр екен. Ол кісі Қордайды да өлтірген екен. Бірақ екі жаудың батырына жер аты беріледі де Әлмерек баба атауы назардан тыс қалған. Бұл әділетсіздік қой деп жүр халық. Міне, халық мәселе көтеріп отыр, ономотика комиссиясы осы мәселені біржақты қып беруі тиіс.

Мысалы, Ермак батырдың ескерткішін 1991 жылы біз алдыртып тастадық. Ол — батыр. Бірақ Ресей империясы үшін. Ал қазақ үшін ол жаулаушы. Қазақты талқандап, жарты жерін алып қойды. Оған не үшін ескерткіш орнатамыз?..

Біз осыны алдымен ғылыми түрде дәлелдедік. Содан соң ғана ескерткіш алынды. Бұл арада да алдымен осындай ғылыми дәлелдемелер керек деп ойлаймын.

Желтоқсан оқиғасын көзімен көргендер: Алаң қанға бөкті, бұл нағыз қырғын еді…

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз