Нұр-Сұлтан
Қазір
15
Ертең
15
USD
482
0.00
EUR
532
0.00
RUB
5.07
0.00

Шетелдіктер қазақ дәстүрлеріне қалай қарайды?

357

Селахаттин Атасевен, 32 жаста, туған қаласы Стамбул, Түркия, бизнесмен

Болашақ жарыммен біз Қызылорда университетінде таныстық. Төрт жыл бір корпуста оқыдық. Оқуды аяқтағаннан кейін бір жылдан соң үйлендік.

Құдалық қазақ дәстүрі бойынша өтті: қалыңдықтың үйіне келіп сырға салдық, содан кейін ұзату той жасалды

Содан соң Түркияға барып, онда той өткіздік. Мен де, отбасым да қалыңдықты басқа ұлт өкілі ретінде қабылдамадық, сондықтан еш мәселе болған жоқ.

Отбасында біз түрік, қазақ дәстүрлерін сақтаймыз, жаңа туған нәрестені қырқынан шығардық, тұсауын кестік. Біздің екі қызымыз өсіп келеді. Үлкеніне тұсау кесу жоралғысын жасадық, болашақта да осы әдет-ғұрыптарды ұстанамыз деп ойлаймын.

Сондай-ақ, Наурыз мейрамын жақсы көреміз және тойлаймыз, бұл күні қонаққа барамыз және өзіміз де қонақ қабылдаймыз, Наурыз көже даярлаймыз. Қыста соғым аламыз, бешбармақ дайындаймыз. Жалпы, мен қазақ дәстүрлеріне құрметпен қараймын және отбасымызда оларды ұстануға тырысамыз.

Басында ата-анамыз таңғалды

Миряна Сұлтанбекова, 30 жаста, туған қаласы Охрид, Македония

Күйеуіммен Польшада таныстық — бір жатақханада тұрдық, бір университетте, бірақ екі түрлі факультетте оқыдық.

Қазақстаннан келген адамды сол кезде бірінші рет кездестірдім. Бұл ел туралы, адамдары мен мәдениеті туралы ештеңе білмейтінмін, ал онда өмір сүремін деген үш ұйықтасам түсіме кірмеген. Бірақ өз адамыңды кездестіргенде ештеңе маңызды емес болып қалады.

Әрине, басында бәрі оңай болған жоқ.

Ата-аналарымыз балалары интернационалдық отбасы құрғалы жатқандарына таңғалды

Алайда, біраз уақыттан кейін біздің шынайы махаббатымызға көздері жетіп, таңдауымызға қарсы тұрған жоқ. Қазір менің туыстарым да, күйеуімнің туыстары да бізді қолдайды.

Үйлену тойы Алматыда, көбіне қазақ дәстүрі бойынша өтті. Бірақ менің ата-анам және ең жақын туыстарым қонақта болғандықтан, македондық элементтер де қосылды: өте қызықты, интернационалдық той болды. Әрине, аудармада біршама қиындықтар туындады, бірақ көңілді өтті.

Біздің отбасылық құндылықтарымыз ұқсас

Біз 10 жыл біргеміз, отбасы құрғанымызға 7 жыл, екі баламыз бар. Салт-дәстүрлерді сақтаймыз және қазақтың да, македондық та мерекелерді тойлаймыз. Біздің қазақ туысқандарымыз жазда Македонияда демалады, ал менің туыстарым Қазақстанға келеді.

Күйеуім қазақ екенін айтқанда, бәрі менен шай құйып, бешбармақ дайындай аласың ба деп сұрайды. Әрине, бәрін істей аламын. Менің ойымша, адамның ниеті болса бәрін үйренуге болады.

Мен қазір ұлт пен мәдениетімізде айырмашылық барын сезінбеймін. Бастапқыдағы қиындықтардың бәрінен өттік

Бірақ Македония мен Қазақстан бір-бірінен алыс болғанымен, отбасылық құндылықтар мен кейбір дәстүрлеріміз ұқсас. Біз барлық мерекелерді атап өтеміз: қонақтарды кейде қазақша — бешбармақ, шай, бауырсақ жасап күтеміз, кейде македон асханасымен қарсы аламыз, себебі туыстарымызға бұл қызықты. Македонияда да бауырсақ дайындалады, бірақ дәстүрді көбіне бала туған кезде сақтайды. Баланы қырқынан шығару, тұсау кесу деген әдет-ғұрыптар Македонияда жоқ.

Македония — еуропалық ел, бірақ біз Осман империясының ықпалында 500 жыл өмір сүрдік, сондықтан көп нәрсені түріктерден қабылдадық. Бізде тіпті қазақ тіліне ұқсас түрік сөздері де бар.

Зайырлы үйлену тойы және зайырлы неке

Даниэлла Айтбагина, 27 жаста, туған қаласы Астана;

Мехди, 26 жаста, туған елі Тунис 

Даниэлла: біз Стамбулда демалып жүргенде таныстық. Астанадағы алғашқы үйлену тойына тек жақын туыстарымыз қатысты. Мен метиспін, сондықтан қандай да бір дәстүрді ұстанбадық, маған сырға салды. Екінші үйлену тойымыз Тунисте өтеді және жергілікті салт-дәстүрлерін ұстанусыз, классикалық, заманауи болады.

Тунисте дәстүрлі үйлену тойы 7 күнге созылады. Және осы күндердің әрқайсысы бір мәнге ие. Мысалы, бірінші — хна күні, екінші — хамам күні, үшінші — Тунистің белгілі бір ауданының көйлегі. Бұл біршама қиын.

Мехди: Қазақстанға алғаш рет қыста келіп, қарды алғаш рет көрдім. Біз жаңа жылды тойламаймыз, себебі біз үшін бұл жай ғана кішкентай отырыс. Мұнда бұл маңызды мереке екен.

Маған Қазақстанда барлығы қалай жақсы ұйымдастырылғаны ұнады — мұз айдындары, сарайлар, жарқ-жұрқ еткен, бәрі әдемі безендірілген. Әр отбасы дәстүрлі тағамдар жасап дайындалады екен. Маған жылқы еті ұнады — мұнда мен оны өмірімде алғаш рет жеп көрдім, қымыз мен бешбармақ та ұнады.

Қазақ мәдениетіне оң көзбен қараймын. YouTube-те Қазақстан туралы көптеген фильмдер көрдім.

Маған бұл елде отбасы құндылықтары мен қарым-қатынас құру мәдениеті ұнайды, атап айтқанда, ата-аналарға құрмет

Даниэлла: менің әпкелерімнің күйеулері де басқа ұлттардың өкілдері. Сондықтан күйеуім үшін отбасымызда әртүрлі діндер мен ұлттар қалай ұйып-достасып отырғаны қызықты болды. Ал оның отбасында біздің некеміз ең бірінші интернационалдық. Күйеуімнің отбасы зайырлы екенін атап өткім келеді, өйткені Тунис — бұрынғы француз колониясы, еуропаланған.

Шын мәнінде, төрт жыл ішінде біз менталитет, дәстүрлер және тәрбиедегі айырмашылықтарды немесе жайсыздықтарды еш сезген жоқпыз. Бәрі таңдауымызды құптап, жақсы қарады.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз