Информбюро31 мәліметінше, құтқарушылар соңғы екі марқұмның денесін 3700 метр биіктіктен, қалың қардың астынан тапты. Оларды қар арасынан күрекпен қазып алуға тура келген. Бұған дейін дәл осы аумақта үшінші жеткіншектің мәйіті анықталған еді. Бүгін 17 жастағы оқушы туған-туыстарының қатысуымен жер қойнына тапсырылды.
Бес күн бұрын таңертең тауға жорыққа шыққан үш жас жігіттен кейіннен байланыс үзілген. Ешқайсысы тірі оралмады. Сенбі күні құтқарушылар қар астынан екі жігіттің қолғаптары көрініп тұрғанын байқап, қазу жұмыстарын жүргізген. Қаза тапқандардың барлығы – жас азаматтар. Ең үлкені небәрі 20 жаста болған. Алғаш болып табылғаны – 17 жастағы мектеп оқушысы. Қайғыдан қан жұтқан анасының айтуынша, жастар бұл сапарға бір апта бойы дайындалған.
Қайтыс болғандардың өлім себептерін нақты анықтау үшін мәйіттер полицияға тапсырылды. Ал алғаш табылған жеткіншек бүгін ақтық сапарға аттанды. Айта кетейік, бұл соңғы екі апта ішінде тауда адам өлімімен аяқталған екінші қайғылы оқиға. Бұған дейін, 20 желтоқсанда жалғыз өзі шыңға шаңғы тебуге шыққан 18 жастағы қыздың да мәйіті табылған болатын.