Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласының болашағы зор. Тек ол мүмкіндік тиісті дәрежеде пайдаланылмай отыр. Басты кемшілік – қазақстандық шаруаларға білім жетіспейді.
Сондықтан ғалымдар мен шаруалар осы бағытта бірігіп жұмыс істеуі қажет. Бұл туралы қазақстандық ғалымдарға арналған семинарда Неміс аграрлық орталығының директоры Александр Тёвц мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz.
– Менің ойымша, лекторлар, профессорлар «жерге түсіп», шаруаларға қарапайым тілде түсіндіруі қажет. Егер шаруалармен ғылымның тілімен сөйлессек, олар бізді түсінбейді. Яғни, байланыс орнамайды. Осы саланы дамытқымыз келсе, қос тарап бірігіп жұмыс істеуі қажет.
Себебі, Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласының болашағы зор. Оны пайдалана білу қажет. Бүгін осы сұрақтар бойынша арнайы семинар өткізіп отырмыз. Біз дайындаған лекторлар алған білімдерін қазақстандық шаруаларға үйрететін болады, – дейді шетелдік сарапшы.
Сонымен қатар, Александр Тёвц қазақстандық шаруаларға өз ақыл-кеңесін айтты.
– Менің шаруаларға кеңесім, кейбір стереотиптерден бас тарту қажет. Ол мал және өсімдік шарушылығына қатысты. Әрі мүмкіндік боламаса да, амалын тауып жаңа технологияларды қолдану қажет. Ең басты кемшілік – қазақстандық шаруаларға білім жетіспейді. Осы бағытта бүкіл Қазақстан жұмыс істеуі тиіс.
Бұл жұмыстар жүргізілмесе, алға жылжу мүмкін емес. Өйткені шаруа өз өнімін дұрыс сата алмайды. Фермер өз ресурстарын тиімді пайдалана білуі шарт. Осы мақсатта біз қазақстандық ғалымдарды оқытуды қолға алып отырмыз, – деп толықтырды Александр Тевц.
Айта кетейік, ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Агробіліктілік орталығы 25 қазақстандық, 25 шетелдік сарапшылардың қатысуымен жер-жерлерде фермерлерді оқытуға арналған бағдарламалар дайындаған.
Биыл ҚР Ауыл шараушылығы министрлігінің тапсырысына сәйкес, қараша айына дейін 660 семинар өткізіліп, 10 мың фермер арнайы оқудан өтетін болады. Шаруаларды оқыту үшін бюджеттен 1 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген.
Айта кетейік, отандық ғалымдарға арналған семинар 29-31 шілде аралығында өтеді. Кейін олар еліміздің басқа өңірлеріне жіберіліп, фермерледі оқытатын болады. Шараны ұйымдастырушы – «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы.