Жас балаға жыныстық зорлық көрсетті деп танылған Серік Асылбековтың қорғаушысы енді Жоғарғы сотқа кассациялық шағым түсірмекші.
Педофиль деп сотпен танылған айыпталушының қорғаушысы белгілі адвокат Айман Омарова деп хабарлайды sputniknews.kz.
Балалар үйінің басшылығы сол кезде баланың айтқан сөздерін жалған деген еді. Құқық қорғау органдары басшылықтың сөзіне сенбестен, Серікті жауапқа тартты. Қылмысын растап абақтыға жапты.
Артынша балалар үйінің директоры Гүлмаржан Шунаева орнынан алынды.
Екінші мәрте тағы сот болып, Серік Асылбековке қатысты бірінші сот үкімі өзгеріссіз қалды.
«Меніңше, Серік ортада ойыншық болып тұр. Соттағы мемлекеттік айыптаушының сөздері көкейіме күдік ұялатты. Олардың мақсаты Серік емес, ол өскен үйдің директоры болған», – деді Айман Омарова.
Танымал қорғаушы Серікке жала жабылғанына сенімді.
«Енді Серіктің анасы да әкесі де – менмін. Оны соңына дейін қорғайтын боламын», – деді белгілі адвокат.
Адвокаттың сөзінше, Серікті қорғап сөйлеген балаларға құқық қорғау органдарының адамдары қысым көрсетіп жатыр екен.