Бір адамды ажал құштырып, қазақ даласын өртеген апатты “Роскосмос” ауа райынан көріп отыр.
Төтенше жағдайлар комитеті де зымыранның улы гептилмен емес, керосинмен ұшқанын айтып, экологияға үлкен зиян келген жоқ дегенге сендіріп бағуда. Сондықтан Талап ауылына улы гептил төгілді деген мәліметті жоққа шығарды, – деп хабарлайды КТК арнасы.
Жұрттың қорқатын жөні бар. Қайта керосині бар зымыран қалдығы Талап ауылынан 16 шақырым қашықтықта құлаған. Егер ракета бөлшегі елді мекенге түссе 700-ден астам тұрғыны бар ауылды түгел қызыл жалын жайпауы мүмкін еді. Ал, Төтенше жағдайлар комитеті алып аумақты отқа орап, бір адамды ажал құштырған зымыранның улы гептилмен емес, кересинмен ұшқанын айтып отыр. Сондықтан дала өртенсе де, қауіп жоқ деп сендіруде.
“Қазіргі таңда ешқандай қауіп жоқ. Шындыққа жанаспайтын ақпараттарды таратуға болмайды. Оған сенуге де болмайды”, – дейді Төтенше жағдайлар комитеті Руслан Иманқұлов.
Десе де, даланы қара түнек қылған, қою түтінге қарап қауіп жоқ деп айту ертерек секілді. Мыңдаған гектарды жайпаған қызыл жалын табиғатқа орасан зор залал келтіруі мүмкін. Сондықтан “Роскосмос” келтірілген шығынды толық өтеуі тиіс дейді сенатор Мұхтар Алтынбаев.
“Мұны жақсылап сараптап зерттеу керек. Өйткені құлауын қоймай қойды. Сондықтан ракетаның жанармайы дұрыс болса да, қозғалтқышында ақау болған сияқты”, – дейді Сенат депутаты Мұхтар Алтынбаев.
Десек те, апаттың себебін анықтау бірнеше айларға созылатыны белгілі. Шенеуніктер қоршаған ортаға келтірілген шығынды есептейміз дегенімен оның қайтарылуы екіталай. Қазір зымыран қалдығы үстеріне құлай жаздаған Талап ауылы апаттан естерін енді жинай бастаған. Тұрғындарға басу айтқан жергілікті атқамінерлер ахуалды бақылауда ұстап отырмыз деп сендіруде.