Құрық портының паром кешені экономиканың экспорттық-транзиттік әлеуетін едәуір нығайтады. Бұл туралы Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барып, порттағы паром кешенінің құрылыс барысын тексерген ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин атап өтті.
«Нұрлы жол» бағдарламасының жобасын «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ жүзеге асырады.
ҚР бірінші вице-премьеріне Құрық портының алғашқы іске қосу кешені нысандарының қорытындылаушы кезеңі туралы мәлімет берілді.
Ерсай стансасынан бастап Құрық портына дейін ұзындығы 12 шақырымнан астам кірме теміржол учаскесінде рельсшпалдық торлар толық төселді. Жолды қиыршық тастармен балласттау жұмыстары аяқталды. 4,3 млн текше метр көлемде жер ойып алынды. Сондай-ақ 400 мың тонна көлемде бут тасынан батыс қорғау жолын салу жұмыстары атқарылды. 525 мың текше метр топырақ көлемінде порттың кіреберіс каналы мен акваторияның түбін тереңдету жұмыстары аяқталды.
10 кВт сыртқы электрмен жабдықтау желілері салынды. Көтермелі-өтпелі көпір салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрық портының алғашқы іске қосу кешені нысандары ағымдағы жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі.
«Құрық портындағы паром кешені Транскаспий халықаралық көлік бағдарының көлік-логистикалық жүйесінің маңызды бөлімі болып табылады. Ол Қазақстанның транзиттік-көлік әлеуетін дамытуға қуатты серпін береді және «Жаңа Жібек жолы» жобасын жүзеге асыруға септігін тигізеді», деді А.Мамин.
Құрық портындағы паром кешені тәулігіне бес паромға қызмет көрсетеді, осылайша жылына 4 млн тонна көлемде жүктерді өңдеуді қамтамасыз етеді.