Нұр-Сұлтан
Қазір
9
Ертең
22
USD
440
0.00
EUR
474
0.00
RUB
4.82
0.00

«Рухани жаңғыру»: әйгілі суретші Телжановты еске алуға арналған дөңгелек үстел өтті

501

Осыдан 4 жыл бұрын қазақ кәсіби бейнелеу өнерінің көш басында тұрған ақсақалы, қылқалам шебері,  қоғам қайраткері, Қазақ КСР-інің (1963) және КСРО-ның (1978) халық суретшісі, КСРО Көркемсурет академиясының корреспондент мүшесі (1967), Халықаралық жоғары мектебі ҒА-ның құрметті (1995) және ҚР Ұлттық ғылым академиясының (2003) академигі,  профессор (1981), “Отан”, “Парасат”,  Еңбек Қызыл Ту, “Құрмет белгісі” ордендерімен және т.б көптеген медальдармен марапатталған Қанапия  Телжанов мәңгілік сапарға аттанған еді.

Қазақтың кәсіби бейнелеу өнерімен қоса бейнелеу педагогикасына да орасан зор үлесін қосқан, абыройын өмірлік ұраны еткен кемеңгер тұлғаның өмірі мен шығармашылығы кімге болса да,  үлгі болары хақ.

Қ.Т.Телжановтың жоғары да аталған тіл күрмеліп, аяқ сүрінер атақ-дәрежесі қандай көп болса, өмірі де дәл сондай қым-қиғаш әрі ауыр болды.  Қанапия Темірболатұлы 1927 жылы Омбы қаласында дүниеге келіп, жастайынан тағдыр теперішін көріп өседі. 

Бірнеше түркі тілдерімен қоса, неміс және орыс тілдерін еркін меңгерген әкесі Темірболат Мұхамеджанұлына «алашордашылармен байланысы бар» деген айып тағылып, 1937 жылы «халық жауы» деген жаламен Ленинград НКВД-сында ату жазасына кесіледі. Ал  анасы мен Айшадан сұрапыл соғыс жылдары ажырап қалады.

1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталған кезде Айшаны Молотов қаласына жөнелтсе, өзін басқа да жасөспірім балалармен бірге Киров облысына эвакуациялаған болатын. Осы кезде анасы блокададағы Ленинград қаласында жау қолында қалып, аштықтан қаза тапқан. Бар болғаны 15 жасында жетімдіктің кермек дәмін татқан оның балалық шағын тағдыр еріксіз жетімдер үйімен табыстырады.  

Өмірі сан соқпақты болып, басын қайда апарып соқпасын, Қанапия Темірболатұлы ешқашан Отанын, туған жерін ұмытқан емес.  Елге оралған жас жеткіншек, 1947 жылы Алматы қаласындағы Н.Гоголь атындағы көркемсурет училищесін ойдағыдай аяқтайды. Аталмыш оқу орнының қабырғасында, Л.П.Леонтьевтің жетекшілігімен бейнелеу өнерінің қыр-сырына сусындап, бұғанасын түзейді. Сол жылы кәсіби білімін жетілдіріп, біліктілігін арттыру мақсатында Ленинград қаласындағы И.Е.Репин атындағы кескіндеме, мүсін және сәулет өнері институтына оқуға аттаданы.

Профессор М.И.Авиловтың жетекшілігімен Амангелді Иманаов тақырыбындағы дипломдық жұмысын жазып, 1953 жылы суретші кескіндемеші біліктілігін иемденген күйі елге оралады. Осы кезде елімізде енді ашылып жатқан көркемсурет институтында алғашқы ұстаздық қызметін атқарып, елдің мәдени даму тарихына зор үлесін қосады. Себебі, ең алғашқы қазақ жеріндегі көркемсурет галереясының басшылығында да осы кісі тұрып, халық мұрағатының мұражай қабырғасынан орын алып, келер ұрпаққа іргесі сөгілмей жетуіне айтулы еңбек сіңірді.

Ұстаздық, әкімшілік сынды қоғамдық қызметтерімен бірге шығармашылық жұмысын да бір елі қалыс қалдырмай алып жүрген Қанапия Темірболатұлы 1950 жылдары қазақ кәсіби бейнелеу өнерінің көш басында тұрып, кескіндеме өнеріне тың жаңалық, жаңаша бетбұрыс алып келді. Оның қылқаламының шабыт шырқауынан туындаған кескіндемелік жұмыстары еліміздің он бес одақ көлемінен тыс, Еуропа жерінде де танылуына себеп болды. 1955 жылы  жазылған «Жамал» атты кенебі әйел мен ана бейнесінің жиынтық болмысын жасаған көркем туынды ретінде, Монреалда ұйымдастырылған Қазақстан күндеріне арналған көрмеге қатысып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленеді.

Суретшіге танымалдылық алып келген бұл туындыны артынша Мәскеудегі Третьяков галереясы сатып алады.

Тырнақ алды дара туындысында өзінің жадында сақталған ана бейнесін қайта жандандырған суретші, балалық махаббаты мен сағынышын осы көркем туындысында айқын көрсетуге тырысады. Ол қазан-ошақ басында ас әзірлеп отырған өз анасының ошақтан шыққан түтінмен астаса  елестей сағымданған сағынышқа толы мейірімді келбетін жасайды. Даланың жусан иісімен сабақтасқан анасының лирикалық бейнесі арқылы бүкіл қазақ халқына тән қонақжайлылықты, жылылықты жеткізуге тырысса,  көкжиекпен жалғасып, шексіз созылған  ұлан ғайыр  дала арқылы сол ана жүрегінің кеңдігін паш еткендей болады.

Ол қатаң тәртіптің өзінде 50-ші жылдардағы қазақ жерінде жүргізілген тың игеру нәтижесінде жыртылған 2 млн гектар жердің қасіретін, мал шаруашылығымен айналысатын халықтың  ата кәсібімен қоштасуына тура келетін ауыр халін, 1958 жылы жазылған «Атамекен» туындысында батыл баяндайды. Соқамен аяусыз жыртылып, жараланған қара жер, Жер Ана өксіген баса алмай бірінші шептен орын алған.

Картинаның орталық бөлігінен үлкен күйзеліс үстінде осы бір драмалық көңіл күйді тарқата, ауыр күрсініспен алысқа көз жіберген, соңынан құлынын жетектеген аттылы қарияны байқаймыз. Осындай саяси астары бар туындыны жанрлық сипатта шеше білген суретші «Атамекен» кенебі арқылы өзінің кәсіби шеберлігін тағы да бір дәлелдей түседі. Ал, 1960 жылы еліміздің ұлттық болмысының айнасына айналған «Көкпар» туындысын жазып, суретші ұлттық ойын динамикасын, ойынның шынайы табиғи сипатын, шиеленіске толы драмасын кескіндейді. Сол арқылы өзінің патриоттық сезімін, ұлттық көзқарасын айқын көрсетеді.

Шараға еліміздің түпкір-түпкірінен арнайы шақырылған қонақтармен бірге Болгария, Германия, Ресей, Қырғызстан жерлерінен де қатысуға ниет білдіріп келген қонақтардың қарасы көп болды.

Алғашқы күні академияның фойесінде Қ.Т.Телжановтың 90-жылдық мерейтойы құрметіне және академиямен шығармашылық байланыстың дәлелі ретінде Болгариядан келген қонақтардың шығармашылық көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Көрмені ашу құрметі Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының ректоры, профессор Б.Н.Нүсіпжановаға, Болгарлық мүсінші Динев Миткоға және ҚР Көркемсурет Академиясының президенті Амандос Ақанаевқа берілді.

Айтулы шара академияның конференц залында жалғасын тапқан студенттер плэнері мен академия қабырғасында Қ.Т.Телжанов атындағы арнайы шеберхананың ашылу салтанатына ұласты. Шеберхана тұсына Қ.Т.Телжановтың портреттік бейнесі бедерленген естелік тақта орнатылып, суретшінің көзі көрген замандастарына сөз берілді.

Шетел және қазақстандық ЖОО студент жастары қатысқан плэнер екі күнге созылды. Халықаралық плэнер жұмыстарының конкурсы бірінші күні қала пейзажын салу бойынша жүзеге асты.

Кескіндемеші студенттер Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының маңында орналасқан тарихи-мәдени сәулеттік ғимараттар мен саябақ, аллеяларды өз кенептерінде барынша көркем әрі әсерлі бейнелеуге кірісіп кетті. Екінші күні Болгариядан келген қонақтар, жан-жақтан келген студенттер және олардың жетекшілері алдын-ала жоспарланған мекен-жай бойынша таңсәріден жиналып плэнерге шықты.

 Дала пейзажын, тау табиғатын кескіндеу мақсатында Талғар ауданының аумағында орналасқан ортағасырлық көне қала Талхиз қирандыларының орнында аршылған, археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан жерге барып этюд жазды. Рухани жаңғыру, тарихи сабақтастық, көркем шығармашылық секілді бірнеше бағытты бір арнаға жұмылдыра ұйымдастырылған плэнерлік конкурс көп ұзамай өз нәтижесін берді. Арнайы кәсіби суретшілер әділқазы боп, талантты жастар жүлделі орындармен марапатталды.

Үш күнге созылған іс-шара «Бейнелеу өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасы ұйымдастырған дөңгелек үстелге ұласып, алыс және жақын шетелдерден келген қонақтардың қатысуымен қызықты, әрі мағыналы мазмұнда өрбіді. Іс-шара барысында дөңгелек үстел Қ.Т.Телжановты еске алуға, шығармашылығын талқылауға арналған «Суретші және оның заманы: Қазақстан бейнелеу өнеріндегі ұлттық романтизм» тақырыбында өз жұмысын жүргізді. «Бейнелеу өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасының меңгерушісі Қ.С.Оразқұлованың «Қ.Т.Телжановтың өмірі мен шығармашылығы», Ә.Қастаеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайы директорының ғылыми істер жөніндегі орынбасары С.Ж. Көпжанованың «К.Т.Тельжанов и его личность. В потоке истории», Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайының кіші ғылыми қызметкері Әли Ғалияның «Өміршең өнер иесі» атты ғылыми зерттеуге негізделген терең мазмұнды баяндамалары тыңдалып, кезек естеліктерге берілді. Сөз соңын дөңгелек үстел барысында айтылған ҚР еңбегі сіңген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор, мүсінші Ескен  Сергебаевтың «Суретшінің өмірінде тек елеулі екі күн бар.

Ол оның өмірге келген және өмірден өткен күні. Оның аралығындағы уақыт тек ұлылықпен өлшенбек. Оның ұлылығына байланысты тарихтағы орны анықталады.

Ал  егер ұлылығы үлкен болса,  онда екінші белгіленген күн жылжиды да, мәңгілік ұлылық басталады. Қ.Т.Телжанов көзі тірісінде-ақ осы мәңгілік ұлылыққа қол жеткізген тұлға» деген керемет сөзімен аяқтауды жөн көрдік.

 ЗУХРА ЫДЫРЫС,

  Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы, «Өнертану» факультеті,

«Бейнелеу өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасының аға оқытушысы,

өнертану магистрі, факультет кеңесінің хатшысы

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз