Нұр-Сұлтан
Қазір
15
Ертең
9
USD
446
-0.83
EUR
475
-0.80
RUB
4.78
-0.01

Риода кездесетін қазақстандық боксшылардың қарсыластары белгілі болды

52 келі:

Азия чемпионы Олжас Сәттібаев алғашқы айналымда 13-тамызда Пуэрто-Рико боксшысымен қолғап түйістіреді. Егер сүрінбей өтсе, әлем чемпионы әзербайжандық Эльвин Мамишзадемен қолғап түйістіретін болады.

56 келі:

Әлем чемпионатының қола жүлдегері Қайрат Ералиев 11-тамызда бірінші кездесуін әзербайжандық Жавид Чалабиевке қарсы өткізеді. Одан соң өзбек боксшысы Муроджан Ахмадилевпен шаршы алаңда кездеседі.

60 келі:

Алматыдағы әлем чемпионатының тағы бір қола жүлдегері Берік Әбдірахманов 6-тамызда алғашқы айналымда АҚШ боксшысымен сынға түседі. Одан өтсе, жапон немесе Венесуэланың былғары қолғап шебері күтіп тұрмақ. Ал ширек финалда үш дүркін әлем чемпионы кубалық Лазаро Альвареспен кездесуі тиіс.

64 келі:

Жасөспірімдер арасында Олимпиада чемпионы атанған Қарағанды боксының жас таланты Абылайхан Жүсіповке де жеребе оңай түскен жоқ. Алғашқы айналымда 11-тамызда ағылшын Пат Маккормокты жеңсе, келесі айналымда Олимпиада ойындарының жүлдегері Ясниэль Толедо күтіп тұрады.

69 келі:

Әлем чемпионы Данияр Елеусіновке жеребе жолдас болды деп айтуға болады. Себебі боксшымызды Дохадағы әлем чемпионатының финалында сүріндірген марокколық Мохаммед Раби мен Олимпиада ойындарының жүлдегері, ресейлік Андрей Замковой екінші себетке түсті. Елеусінов бірінші айналымға қатыспайды. Одан кейін 11-тамызда Египет және Ұлыбритания боксшылары арасындағы жеңімпазбен қолғап түйістіреді. Ширек және жартылай финалдарда Италия және Германия, Венесуэла мен Мексика боксшыларының бірімен жұдырықтасуы тиіс.

75 келі:

Әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы 8-тамызда бірінші кездесуін ұлыбританиялық былғары қолғап шеберімен өткізеді. Одан соң, Алжир және Камерун боксшылары арасындағы жеңімпазбен кездеседі. Ал ширек финалда Еуропа чемпионы ресейлік Петр Хамуковпен, жартылай финалда әлем чемпионы кубалық Арлен Лопес қолғап түйістіруі ықтимал.

81 келі:

Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов алғашқы айналымға қатыспайды. Ширек финалда 11-тамызда Украина және Әзербайжан боксшыларының бірімен жолығады. Жартылай финалда сыралғы қарсыласы, өзбек Эльшод Расуловтың әуселесін байқап көретін шығар. Ал үш дүркін әлем чемпионы кубалық Хулио ла Круз екінші себетке түскен. Онымен тек финалда жолыға алады.

91 келі:

Василий Левит те алғашқы айналымға қатыспайды. 8-тамыздағы келесі қарсыласы қытайлық боксшы болуы мүмкін. Ал кубалық Эрисланди Савонмен тек жартылай финалда кездесуі мүмкін. Бұл салмақтағы мықтылар саналатын ресейлік Евгений Тищенко мен Италия алыбы Клементо Руссо екінші топқа түскен.

+91 келі:

Аса ауыр салмақтағы Иван Дычкоға жеребе ауыр түсті. Қостанайлық боксшы алғашқы айналымда бос болғанымен, 13 тамыздағы келесі айналымда әзербайжандық Меджидовпен жолығуы мүмкін. Естеріңізде болса, Алматыдағы әлем чемпионатының финалында Иван дәл осы әзербайжан боксшысынан нокаутпен ұтылған еді.

Қыздар:

51 келі:

Жайна Шекербекова жарысты ширек финалдан бастайды. Шымкенттік боксшы 16-тамызда жартылай финалдың жолдамасын Марокко мен Францияның бұрымды боксшыларының арасындағы жеңімпазбен сарапқа салатын болады.

75 келі:

Дариға Шәкімова 14-тамызда бірінші айналымда канадалық боксшымен кездессе, ширек финалда марокколықпен қолғап түйістіреді. Егер жартылай финалға жетсе, АҚШ қызы Олимпиада чемпионы Кларисса Шилдспен қолғап түйістйруі мүмкін.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз