Тәжікстанның мемлекеттік ақпарат құралдары ел президенті Эмомали Рахмонның атақтарын толық беруі тиіс. Эмомали Рахмон – бейбітшілік пен ұлт бірлігінің негізін қалаушы – Ұлт лидері.
Үкіметтік басылымның бір журналисінің хабарлауынша, өткен аптада мемлекет басшысын қалай жазу керектігіне қатысты жаңа ереже пайда болды. “Оны орындау міндетті. Бұған дейін біз қысқартып “Ұлт лидері” деп жазсақ, енді “Бейбітшілік пен ел бірлігінің негізін қалаушы – Ұлт лидері” деп толық көрсетуіміз керек болады”, – деді ол.
Тәжікстан мемлекеттік радиосының директоры Фаррух Зиеевтің айтуынша, Эмомали Рахмон атағын толық жазу – заң талабы. “Кейбір журналистер атақты қысқартып жазуы мүмкін. Бірақ ресми хабарламаларда президент атағы толық көрсетілуі тиіс”, – деп түсіндірді ол.
Қылмыстық кодекс бойынша, бейбітшілік пен ел бірлігінің негізін қалаушы – Ұлт лидерінің ар-ожданына тигендер жауапқа тартылады.