Солтүстік Қазақстан облысында лаңкестік әрекетке қатысты жалған қоңырау туралы алғашқы қылмыстық іс Ресей полициясымен бірлесе отырып ашылды деп хабарлайды облыстық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
„Мұны ести салысымен, облыстық Ішкі істер департаментінің қызметкерлері шұғыл түрде вокзалға жетті. Апат болуы ықтимал орыннан 40 адам эвакуацияланып, вокзалдың маңайы қоршауға алынды. Арнайы тексеру кезінде ешқандай күдікті зат көзге ілінбеді. Біршама уақыттан соң темір жол вокзалы іске кірісіп, жұмысын қалыпты жағдайда жалғастыра берді„ делінеді алдын ала ұсынылған хабарламада.
Лаңкестік әрекет жөніндегі жалған ақпаратқа сәйкес, қылмыстық іс қозғалған.
– Ресейлік құқық қорғау органы қызметкерлерімен бірлесе отырып, бұл жалған қоңыраудың иесі Свердловск облысының 1978 жылғы тұрғыны екені анықталды. Ол жүйкесі сыр бергендерді алатын есепке тіркелген болып шықты. Бұл – жыл басынан бергі лаңкестік әрекет туралы жалған ақпарат берген алғашқы қылмыстық факті, – дейді СҚО ІІД-нің Экстремизммен күрес бөлімінің бастығы, полиция майоры Руслан Мұхамбетжанов.