Павлодар облысының тұрғындары масалардың шабуылын видеоға түсіріп алды. Бұл бейнежазбаны YouTube сайтына Аrman A есімді қолданушы жариялапты.
Роликтің тақырыбында: “Павлодар. Мұны көру керек. Масалардың шабуылы!” деп жазылған.
Бейнетаспадағы құжынаған масаға қарап, құдды, бұл аптап ыстық елді-мекен Африка ма деп қаласыз. Алайда бұл – Павлодар!
Кадрдан жылқыға мінген малшыға масалардың шабуылдап жатқанын көруге болады. Біз тұмсықты жәндіктерден қорғану үшін малшы бетіне бетперде киіп, қара көзілдірік тағып алған. Бірақ оны елеп жатқан маса жоқ. Топ-топ болып үйірілген „қан сорғыштар„ өз құрбанын жолықтырғандарына мәз секілді, быж-быж етіп, азындайды. Малшыға қарағанда, оның астындағы аттың жағдайы өте қиын.
Айта кетейік, павлодарлықтар бірнеше уақыттан бері масалардың зардабын тартып келеді. Оларға, тіпті, кешкі уақытта үйден шықпауға кеңес берілді. Енді жергілікті прокурорлар масалармен күресетін фирмалардың жұмысын тексеруді қолға ала бастады.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, биыл Павлодарда масалармен күресуге 117 милион теңге бөлінген. 18-мамырда мердігер фирма Ертіс өзеніне 19 тонна уландырғыш зат тастады. Дегенмен қан соратын жәндіктердің саны бұдан азаймай отырған көрінеді.
https://www.youtube.com/watch?v=e01OYISRioI