Нұр-Сұлтан
Қазір
-5
Ертең
-4
USD
450
+0.72
EUR
490
+1.14
RUB
4.89
+0.01

Қостанай түрмесінде үнемдегіш шамдар шығаратын цех ашылды

Сотталғандардың қолынан шыққан шамдар әдеттегіге қарағанда қуатты еселеп үнемдейді. Василий Лаптекарудың ауыр қылмыс арқалап, жазаға кесілгеніне 15 жылдан асқан. Кесілген мерзімі биылғы көктемде аяқталмақ. Бұған дейін бір жарым жыл мекеменің электригі болып істеген ол жаңа ашылған цехқа жұмысқа қабылданды.

Василий Лаптекару, жазасын өтеуші:

– Ертең бостандыққа шыққанда жұмысқа орналасу үшін осында жүріп-ақ мамандыққа машықтануды жөн санадым. Оған мүмкіндік бар. Қолымнан келетін кәсіп. Іспен шұғылданғанда уақыт тез өтеді.

Василиймен бірге мұнда тағы 7 адам еңбекпен қамтылды. Олар аптасына қуат үнемдегіш шамдардың жүздеген данасын шығарады. Сұраныс болса, бұл көлемді он есе арттыруға мүмкіндік бар.

Жасұлан Межтаев, коммерциялық жобаны жүзеге асыру бөлімінің өкілі:

– Қазір барлық өндірушілер энергия қуаты шығынын барынша азайту жолдарын қарастырып жатыр. Біздің өнім үш бағытты қамтиды, өндіріс нысандарын, кеңселерді және көшелерді жарықтандыратын шамдарды шығарамыз.

Жазасын өтеушілер жұмыс ауқымына қарай 30 мың теңгеге дейін жалақы алады. Ақша қолға берілмейді, арнайы есепшотқа түседі. Мекемеде тігін, жиһаз жасау цехтары, темір шеберханасы, наубайхана сияқты 20-ға тарта кәсіпорын орналасқан. Жұмыс беруші тарап нарықты үнемі қадағалап отырады. Мекеме ұжымы кәсіпкерлерді тартуға ынталы.

Дастан Сәдуақасов, УК 161/2 мекемесінің инспекторы:

– Бұл негізі өте жақсы. Сотталғандар жұмысқа кіреді. Соттық шығындарын төлейді осында. Және еңбекке баулиды. Үшіншіден, бостандыққа шыққан кезде бір мамандықтың иесі болып шығады, өз орындарын табады.

Түзеу мекемелерінде жасалған тауарлар тұтынушыларды сапалы әрі арзандығымен қызықтырады. Құрастырылған алғашқы шамдар көп ұзамай қала көшелеріне орнатылады. Сондай-ақ, таяуда темір тордың ар жағында тағы бір цех ашылмақ. Онда тастөсемдер құйылатын болады.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз