Орал қаласында адам шошырлық қылмыс орын алған. Ауыл шаруашылығы министрлігінің аумақтық инспекторы мен бөлім басшысы арақ ішіп отырып сөзге келіп қалады. Артынша шенеунік басшысын таяққа жығып, өлтіріп қойған.
Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік инспекцияның бөлім бастығының соққыдан көзжұмғаны көрініп тұрса да іс «басшының өзі өлдімен» жабылған. Сот сараптамасындағылар шенеуніктің таяқтан емес жүрек талмасынан қайтыс болғанын айтады. Бұған наразылық танытқан марқұмның туыстары мәйітке эксгумация жасатып, оның кісі қолынан қаза тапқанын дәлелдеген.
-Алғашқыда іс тоқтатылды. Кейін «өз өлімімен өлді» деп мүлдем жауып тастады. Ол қалай өзі өледі? Түрінен көрініп тұр ғой, таяқ жеген. Оны Тілек Химмеденов жауыздықпен ұрып өлтірген, – дейді марқұмның жары Дина Төлегенова.
«КТК» арнасының хабарлауынша, күдікті Тілек Химмеденов – Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің испекторы. Марқұмның туыстары дәл осы қызметкерге күдік келтіріп отыр. Тіпті табандарынан таусылып жүріп дәлелдеп те берген. Ол үшін мәйтті қайта қазып алып, астаналық дәрігерлерге тексерткен. Олар марқұмның жүрек талмасынан емес, тұншығып өлгенін анықтаған.
-Қылмыс орнында түсірілген суреттер бар. Бетін адам танымастай етіп ұрған. Оны дәледеу үшін эксгумация жасатуға мәжбүр болдық. Енді оны байлап қойып өлтірген деген күдігіміз бар, – дейді марқұмның әпкесі Майсұлу Төлегенова.
О баста қатысы жоқ делінген күдікті енді «бастығым өзіме тап берді» деп сотта ақталуда. Айтуынша, сол күні екеуі жұмыстан бірге шығып, біраз ақтан алған. Сөйтіп арада ерегіс шығып, соңы бас инспектордың өлімімен аяқталған. Алайда, марқұмның мұрнын бет қылғанына қарамастан, күдікті «жеңіл жарақат» бабымен құтылмақшы екен. Десе де, бұған ешқашан жол бермейміз деп бекінген марқұмның жақындары, соттан кемі 15 жыл үкім кесуді сұрап отыр.