Нұр-Сұлтан
Қазір
9
Ертең
8
USD
422
+0.82
EUR
497
-1.77
RUB
5.53
-0.07

Оңтүстікте аты жоқ қазақ ауылы өз күнін өзі көріп отыр

122

Кейде «Жартытөбе» ауылы деп те атайды. Ешбір ауылдық округке жатпайтындықтан 100-ге жуық баспананың құжаты да жоқ. Халықты қинайтыны осы. Қанша жылдан бері үйлерінің заңды құжатын рәсімдей алмай әуре болып жүр, деп хабарлады „Отырар„ телеарнасы.

2006-2007 жылдары ауылға қоныстанғандардың биліктегілерге өкпесі қара қазандай. Шенеуніктердің ешқашан ертеңі таусылмайды дейді. Дәл осылай ертеңмен тойдырып келе жатқанына 10 жылдан асыпты. Сайлау кезінде төбе көрсетіп, уәде берген депутаттар да қарасын көрсетпей кеткен.

Тұрғындардың бұл ауылға қоныстанғанына 10 жылдан асты. Екі ел арасындағы шекара белгіленгенде Өзбекстан жағындағы жұрт бері қарай көшіріледі. Бос жатқан 96 гектар шаруашылық жерге үйлер салынып, елдімекенге айналады. Алғашқы кезде ауылдықтар құжатқа мән бермеген. Баспана салып, өз қаражатымен ауылдың инфрақұрылымын жасақтайды. Себебі, бұл кездері биліктің табалдырығын тоздырғанымен ешқандай көмек болмайды. Ортадан қаржы жинап, трасформатор сатып алады. Көршілес ауылдан газ тартады. Бірақ, бүгінге дейін ауызсу мен жол мәселесі шешілмеген. Алайда, жартөбеліктердің биліктен сұрап отырғаны бұл емес. Мектеп не аурухана да емес. Он жылдан бері отырған баспаналарының бір жапырақ заңды құжатын заңдастырып берсе екен деген тілек.

Рашид ҚАЙЫПЖАНОВ, Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары:

– Әр ай сайын аудандық сәулет-құрылыс бөлімі ауылдық округтерден заңсыз салынған құрылыстар жөнінде мәлімет жинаймыз. Бірақ бұл аймақта заңсыз үй салынғаны жайлы білген жоқпыз. Биыл қаржы бөлінді. Бір жыл ішінде мәселе шешіледі. Алайда, заңсыз салынған үйлер жөніндегі мәселелерді сот шешеді.

«Ауылдың екі жағына жол түскен. Сырттағылар көрсе, ауылда жол бар екен деп қалады. Қайбір жылы сайлауға түскен депутаттар жолдарға қиыршық тас төседі. Қазір ол қыс ауасында лаймен араласып, жолды одан сайын құртты. Бәрі көзбояушылықпен жасалған дүниелер» деп жанайқайын жеткізді ауылдықтар.

Сұлтан ЕСПАЕВ, Сарыағаш ауданы прокурорының көмекшісі:

– 96 гектар егістік жер 2006 жылы бұрынғы әкім шешімімен берілген, бірақ берілгенімен осы күнге дейін нысаналық мақсаты үй игеруге ауыстырылмаған. Бұл ауыл, тіпті, архитектура бөлімінің де назарынан тыс қалып қойылған. Қазіргі таңда бұл мәселе зерделеніп, прокурорлық шара көрілетін болады.

Бұл мәселеден биліктегілердің хабары бар. Тұрғындармен кездесуінде осы жылы бұл мәселенің шешімін табатынын айтып ақталды.

– Елдімекен «Жартытөбе» ауылдық округіне қарайды. Биыл аудандық бюджеттен ауылдың бас жоспарының жобалық-сметалық құжатын дайындауға 76 млн теңге бөлінді. Сосын ауылды «Көктерек» кентіне ендіреміз. Алдағы уақытта ауылда өнер мектебі, 600 орындық мектеп пен 280 орындық балабақша құрылысы салынады,-дейді Жартытөбе ауылдық округінің әкімі Абай Әшіров.

Ауыл тұрғындарын мазалайтын жайттың бірі – баспаналарының құжаты дайын болғанда үйге төлейтін салық мәселесінің қалай шешілетіні. Себебі, олардың ешқайсысы үйлеріне салық төлемеген. Сондықтан, «кейінгі 10 жылды ескеріп, миллиондаған айыппұл салса, күніміз не болмақ» дейді. Екіншісі, жуырда жыл басында еліміздің азаматтарын уақытша тіркеуге байланысты өзгерістер турасында. Уақытша тіркеуі қалай болатынын білмей дал. Ал, наурыздың ортасынан бастап елімізде уақытша тіркеуге тұрмағандарға айыппұлдар салынады…

Серіктестер жаңалықтары
Көп қаралған
© «365 Info», 2014–2020 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз