Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды жүзеге асыру мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Кеңес барысында Мемлекет басшысының жаңа Конституция жобасының мән-маңызына тоқталғаны айтылды. Өзгерістер ауқымы мен маңыздылығы, талқылау процесінің ашық жүргізілуі ел тарихында бұрын-соңды болмағанын баса айтты.
«Президентіміз атап өткендей, жаңа Конституция жобасында «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидаты айқындала түскен. Конституциялық реформаның көздеген мақсаты да осы – ауқымды саяси жаңғырумен қатар, экономиканың сапалы өсу қарқынын арттыра түсуге бағытталып отыр. Яғни, бірінші кезекте, халықтың табысы мен әл-ауқатын арттыруға басымдық берілуге тиіс. Бұл біздің алдымызда тұрған аса маңызды міндет», – деді Олжас Бектенов.