Әлеуметтік желіде бокстан 2016 жылғы Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтің Астанада ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Астана қаласының полиция департаменті жол-көлік оқиғасы болғанын растағанымен, жүргізушінің аты-жөнін жарияламады. Полицияның мәліметінше, алдын ала деректер бойынша, Toyota Land Cruiser көлігінің жүргізушісі бірнеше автокөлікпен соқтығысып, оқиға орнынан кетіп қалған. Кейін тәртіп сақшылары көлікті Достық көшесінде тоқтатып, ұстаған.
«Көлікті басқарған 35 жастағы ер адамның алкогольдік масаңдық белгілері байқалды. Жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккендер жоқ», – деп хабарлады полиция.
Сондай-ақ ведомство заң алдында барлығы тең екенін атап өтті.
«Жауапкершілік адамның танымалдығына, мамандығына, лауазымына немесе еңбегіне байланысты емес. Заңды бұзған және жауапкершіліктен жалтаруға тырысқан әрбір адам заң аясында жауап береді», – делінген полицияның хабарламасында.
Бұған дейін бірқатар Telegram арналарында Хан Шатыр маңында үш көлік қатысқан екі жол апаты болғаны, ал оқиға орнынан кеткен жүргізуші ретінде 35 жастағы Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтің ұсталғаны хабарланған еді. Сондай-ақ оның медициналық куәландыруға жіберілгені айтылды.