«Зенит» клубының шабуылшысы Александр Кокорин мен «Краснодардың» жартылай қорғаушысы Павел Мамаев Саудаөнеркәсіп министрлігінің департамент басшысы Денис Пакты Мәскеудегі дәмханалардың бірінде сабаған.
Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.
Аяқдопшылардың арсыз әрекетке баруына шенеуніктің жігіттерге «шуламаңдар» деген ескертуі себеп болыпты. Қарсы сөйледің деп қоразданған футболшылар Пакты жағадан алып, тіпті орындықпен ұрған. Күзетшілер шенеунікті әрең арашалап қалды. Ал кейін екі достың сол күні тағы бір адамды өлімші етіп тепкілегені белгілі болды. Түңгі клубта таңға дейін тойлап шыққан Мамаев пен Кокорин автотұрақта жүргізушімен сөзге келіп, оны есінен танғанша жабылып соққан.
Таяқ жеген азамат ресейлік телеарна журналистінің жүргізушісі болып шықты. Ішімдікке тойып алып, алдына келгеннің бәрін жайпап жүрген спортшылар осы әрекеттері үшін екі жылға дейін түрмеге отыруы мүмкін. Естеріңізге сала кетейік, Кокорин мен Мамаевтың бұл алғашқы шулы ісі емес.
2016 жылы Еуропа біріншілігінде Ресей топтан шыға алмай жарыстан ұшып кеткенде, осы екі футболшының Монта-Карлода ұлан асыр той жасаған видеосы ғаламторға тараған. Онда есірген аяқдопшылар Ресей әнұранын қойып клуб қонақтарына 500 еуро тұратын шараптан таратып, жанкүйерлерінің ашуын туғызған еді.