Ақтөбеде су тасқынынан зардап шеккен 10 жастағы қыздың тағы бір видеосы әлеуметтік желілерде пайда болды.
Айта кетейік, кеше, су тасқынынан зардап шеккен Ешімовтар отбасы жайлы хабар тараған еді. Шешесі Тұрғангүл Ешімованың айтуынша, күйеуінің жүрегі әлсіз және ол үйінің қирап қалғанын әлі көрмепті. Әйелдің кенже қызы Махаббат № 36 мектебінің 4-сынып оқушысы екен. Ол мектеп формасынан, оқулықтарынан да айырылып, табиғи апаттан есеңгіреп қалған.
“Барлық кітабым үйде қалып қойды. Жоғалды. Билік қайда қарап отыр. Кітабымды қайтарған жоқ. Әкем кезекте жылдап тұрады, не пайдасы бар? Барлық затымыз сонда қалып қойды. Оқуыма алаңдадым, енді үйімізден де айырылып қалдық. Неге біз мұнда тұруымыз керек дейсіздер? Еңбегімізбен салған үйіміз еді”, – деген еді қыз видеода.
Осыдан соң әлеуметтік желіде шырылдаған тиіттей қыздың кітабын алып беруге әнші Меруерт Түсіпбаева уәде етіп еді, одан басқа да қамқоршы жандар үн қатып жатқан.
Ал бүгін су шайған үйі алдында еңіреп тұрып Үкіметтен көмек сұраған 4-сынып оқушысы Махаббаттың тағы бір видеосы әлеуметтік желілерде пайда болды. Бұл жолы ол мектеп партасында отырып, өзінің жайынан елді хабардар етеді.
“Осы мектепте оқып жатырмын, білімімді алып жатырмын. Оқушылармен тез тіл табыстым. Осы өзімнің директорыма, үкімет басқармасына, бәріне рақмет айтамын. Оқулығымды, бәрін беріп жатыр”, – дейді қыз.
Қазіргі уақытта Ақтөбеде су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетуге арналған комиссия құрылған. Материалдық көмек көрсеткісі келетіндер “Қолғанат Ақтөбе” қоғамдық қорының есебіне қаражат аудара алады.
KIWI әмиян: +77058202666 БИН 170240000585 ИИК KZ 819260101193016000 “Казкоммерцбанк” АҚ-да БИК KZKOKZKX.