Нұр-Сұлтан
Қазір
17
Ертең
18
USD
447
-0.91
EUR
476
-2.17
RUB
4.79
+0.03

Нығматулин «Атамекен» ҰКП туралы: Бизнесті қорғап жатырмыз деп кеуделеріңізді кересіздер

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасы талқыланды. Депуттарға аталған заң жобасын Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов таныстырды.

«Бизнес шығындарын қайта реттеу және әкімшілік кедергілерді жою бойынша жүргізіліп жатқан саясатты ескере отырып, заң жобасы мынадай бағыттар бойынша әзірленген. Бірінші – мемлекеттік бақылау қызметін реформалау. Екінші – ақпараттық құралдарды реттеу, үшінші – табиғи монополиялар субъектілері және квазимемлекеттік сектор көрсететін міндетті қызметтерді реформалау. Төртінші, реттеушілік кәсіби талдауды жетілдіру. Бесінші, бизнес шығындарын түбегейлі төмендету. Алтыншы, бәсекелестікке кедергі келтіретін нормаларды анықтау және алып тастау. Жетінші, баға мен тарифтік сөз байласуларды анықтау және оның жолын кесу тетігін жетілдіру. Сегізінші, Қазақстанның Doing Business рейтингісіндегі позицияларын жақсарту», – деді министр.

Оның айтуынша, аталған құжат негізінде 13 кодекс пен 100 заңға 1 мыңға жуық түзету енгізу көзделген.

Кейін министрдің сөзін «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов толықтырды. Оның пікірінше, елімізде бизнесті тексеру азайған.

«2013 жылы бизнесті тексеру көрсеткіші 180,5 мың болса, 2014 жылы мораторий болды. 2015 жылы қауіп-қатерлерді басқару жүйесіне көштік. Нәтижесінде сол кәсіпкерлікті тексеру көрсеткіші 50 мыңды құрады. 2016 жылы бұл көрсеткіш 100 мың болса, 2017 жылы 81 мыңды құрады. Бірақ біз төтенше жағдайлар бойынша талдау жүргіздік. Мысалы, улану және т.б. деректер бойынша. Аталған заң жобасы бойынша санэпидемиалогиялық органдарымен бірігіп, қауіпсіздік саласында бақылау орнатылды. Өткен жылы бизнеске 15 мың тексеру жүргізілді. Бұл көрсеткіш сақталып отыр. Біз өзіміздің тарапымыздан өзін-өзі реттеуге баса мән беріп, сапаны көтеру жағын қарастырып отырмыз. Біздің ойымызша, тұтынушылардың құқығын қорғауда да мән берілуі қажет. Бұл динамикалық модель шетелде жұмыс істеп тұр», – деді ол.

Алайда оның сөзін Мәжіліс төрағасы бөлді.

«Сіз өз баяндамаңызда шетел мемлекеттерінің тәжірибесі туралы айттыңыз. Онда кәсіпкерлік бақылау қызметі қалай жүргізіледі? Мұнда тауар мен қызмет көрсету сапасы өте жоғары. Қарапайым халыққа түсінікті тілде айтыңызшы», – деді Нұрлан Нығматулин.

«Бұл – қауіп-қатерлерді басқару жүйесі, бізге ең қажеттісі. Қарапайым азамат шығаратын өнімдерінде стандарттардың талабы сақталып жатқанын жыл бойы бақылап отыруы қажет. Егер кәсіпкер қауіп-қатер аймағында болса, онда мемлекеттік органдар оған барып, тексеріс жүргізеді», – деді Рустам Жүрсінов.

Алайда оның жауабын Нұрлан Нығматулин сынады.

«Заңда қарапайым қағидалар болуы қажет. Ештеңе ойлап табудың қажеті жоқ. Мүмкін министр дұрыс айтып отырған шығар. Тексеріс барысында бір-біріне кедергі жасамас үшін. Бірақ сіз экономикасы дамыған мемлекеттердің не істеп жатқанын қараңызшы. Онда тексерістер жоқ. Оларда біздің «Атамекен» ҰКП сияқты жұмыс істеп отырған орган бар шығар. Сіздер «Біз бизнесті қорғап жатырмыз» деп кеуделеріңізді соғасыздар. Бірақ заң жүзінде бизнесменге сапасыз тауар шығару тиімсіз. Егер ол бір рет осындай дерекпен ұсталса, ол тақырға отырады. «Атамекен» қашан осындай ұсыныстарды енгізеді?», – деді ол.

Осы орайда Мәжіліс төрағасы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасарына кеңес берді.

«Сіз маған 15 мың тексерісті айтып, барлығын қорқытып отырсыздар. Рустам, сіз түсінесіз бе? Сіздерге заманауи деңгейге көтерулеріңіз қажет. Елбасы (кәсіпкерлікке – автор) тиісті жағдай жасады. Соның арқасында шағын және орта бизнесте жаппай тексеріс жоқ. Бұл – сол кісінің арқасы. Бірақ сіздер шетелдегі тәжірибелерді ескеріп, осында ұсыныстарды енгізулеріңіз қажет қой. Оның ішінде осындай заң жобасы талқыланған кезде бизнеске де жауапкершілік жүктеледі. Біз Үкіметтің бизнесті дамытуға көздеген қазіргі ұстанымын толығымен қолдаймыз. Оның ішінде мемлекеттік бақылау қызметін азайту бойынша. Сіздер осы бағыттағы жұмыстарды жүргізулеріңіз қажет»,- деп түйіндеді сөзін Мәжіліс төрағасы.

 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз