Нұр-Сұлтан
Қазір
-1
Ертең
-11
USD
496
-2.06
EUR
523
-2.87
RUB
4.94
-0.03

Нотариустар мен заңгерлерден кейін мемлекет тәуелсіз сарапшыларды да бақылауға алады

280

Қазақстанда жеке сот-сараптама ұйымдары пайда болады. Осы уақытқа дейін елде жеке сот-сараптамалық қызметке лицензияны тек жеке тұлғалар ғана алып келген. Енді жеке заңды тұлғалар – мемлекеттік емес сот-сараптама ұйымдары сот-сараптама қызметінің субъектісі бола алады.

Олар үшін аттестаттау рәсімі сертификаттау рәсімімен ауыстырылды. Депутаттардың пікірінше, бұл жаңашылдық жеке сот сарапшыларының бірігуіне және күрделі сараптамалар жүргізу үшін қымбат жабдықты бірлесіп сатып алуына мүмкіндік береді.

Жеке сарапшылар туралы

Заңгер Сергей Уткин бүгінде Қазақстанда түрлі салаларда сараптама жүргізетін 150-ге жуық жеке сот сарапшысы жұмыс істейтінін атап өтті.

— Бұрын заң бойынша сараптамалық ұйымдарды біріктіруге және құруға мүмкіндік болмады. Жеке сот сарапшылары жұмыс істейтін серіктестіктердің де сараптама ұйымы деген мәртебесі болмады.

Енді олар өз қызметтерін сертификаттайды және олардың жабдықтармен қамтылу деңгейі және т.б. тексеріледі, — дейді ол.

Мемлекеттік реттеу

— Бұл жолы адвокаттар мен заң консультанттарының қызметін реттейтін заңдағыдай жасасақ, қалай болады екен? Олар заң бойынша республикалық алқаға ай сайын жарна салып, бірыңғай ақпараттық ақылы жүйеге қосылуға міндеттелген емес пе?

— Бізде мемлекет осы секілді әрекеттерді жақсы көреді. Жеке нотариустарды алып қарайық – олардың бәрі тәуелсіз болып есептелгенімен, бәрі міндетті түрде республикалық палатаға кіретін қалалық немесе облыстық палаталардың мүшелері. Бұл жағдай заң кеңесшілеріне де қатысты – олар “еркін” бола  тұрып, өздерімен-өздері жұмыс жасамауы үшін мемлекет оларды бірыңғай құрылымға жұмылдырды. Бұл олардың қызметін қадағалауға жақсы мүмкіндік. Сот сарапшыларына келсек, бұл техникалық мәселе және одан түбегейлі түрде ештеңе өзгере қоймайды.

Сот сараптама тағайындап, құжаттарды мемлекеттік сот-сараптама ұйымына жібергенде, ол құжатта нақты сарапшыны көрсетпейді.

Сараптаманы кімге тапсыру керектігін жергілікті басшылар анықтайды. Егер сот жеке сот сарапшысын таңдаса, ол құжатты жібергенде сарапшының нақты тегін көрсетеді. Енді соттар сараптаманы жеке қолға бергісі келсе, компанияның атауын көрсете алады. Егер ол компанияда шартты түрде 10 сот сарапшысы жұмыс істесе, онда істі кімге беру керектігін компания директорының өзі анықтайды.

Соттар шешеді

— Белгілі бір сараптама жүргізу үшін жеке немесе мемлекеттік сот-сараптама ұйымын таңдай отырып, сот неге сүйенеді?

— Барлығы соттың қалауы бойынша, іс жүзінде солай. Олар үнемі жеке сараптамада жұмыс тезірек бітеді деп санайды. Әрине, оларда жұмыс бағасы мемлекеттік ұйымға қарағанда қымбат. Тараптардың пікірі де сұралады — әрбірі жібергісі келетін сарапшыны таңдауға құқылы: мемлекеттік ұйымға ма әлде жеке сарапшыға ма. Бірақ сот тараптардың ұсыныстарын жинап, өзі тағайындайды.

Әрине, ол белгілі бір жеке сот сарапшысымен келісіп алуы да мүмкін. Ол заңды құқығын қолдана отырып, істің тараптары қарсы болса да, өзі қалаған жеке сарапшыға жіберуі мүмкін. Осылайша, сот жеке компанияларды тұрақты табыспен қамтамасыз етіп отырады.

Оларды парамен сатып алуы мүмкін бе?

— Сіздің ойыңызша, жеке сот-сараптама ұйымдарының пайда болуы сараптамаларды парамен сатып алу әрекеттерінің артуына себепкер болмай ма?

— Негізінде, керісінше болуы керек. Егер жеке нарық дамыған болса және бәсекелестік деңгейі қалыпты, адал болса және жеке сарапшы немесе сарапшылық ұйымның беделі жоғары болса, олар сұранысқа ие болады. Егер ол ұйым сатқын болса, онда ешкім ол жерге барғысы келмейді.

— Бірақ сараптаманы жіберетін орынды бәрібір сот анықтамай ма?

— Ол бәрібір тараптардың пікірін сұрайды. Осы кезде бір тарап сараптаманы сатып алғысы келетін сот сарапшысын немесе ұйымды жақтап шығады. Сондықтан сараптамаларды сатып алу ықтималдығы бұрын да болған, қазір де бар.

Бюджетті үнемдеу

— Бұған қоса мемлекет сот-сараптама ұйымдарының ресми мәртебесін бекіте отырып, құрал-жабдықтар алуға кететін бюджет ақшасын үнемдегісі келе ме?

— Иә, енді оларға мұның бәрін бюджет есебінен қаржыландырудың қажеті болмайды. Мемлекеттік сараптама қаншалықты өзін-өзі ақтайтынын білмеймін, олардың бюджетімен таныс емеспін. Бірақ, меніңше,  ақтамайтын сияқты. Жұмысты жеке қолға өткізу бюджетті жеңілдететіні рас. Нотариустарға қатысты осындай жағдай болған – 15 жыл бұрын жеке нотариустар мүлдем болған жоқ. Мемлекеттік жеке кеңселерді қамтамасыз етуге кететін шығындар қомақты болды және жаңа істер саны да көбейе берді. Жұмысты жеке меншікке өткізудің нәтижесінде мемлекет артық шығындардан құтылды. Қазір мемлекеттік нотариалдық ұйымдар жоқтың қасы. Сот-сараптама ұйымдарында да осылай болуы әбден мүмкін.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз