Қазақстанда тыйым салынған “Ислам мемлекеті” ұйымына кіретін қазақстандықтар азаматтығынан айырылады. Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаев “МИР 24” телеарнасына берген сұхбатында айтты.
“Қазақстандағы заңнамаға сәйкес, біздің еліміздің құзырындағы азамат кетіп, қандай да бір экстремистік ұйымға кіретін болған жағдайда ол отанына қайтып келе алмайды: автоматты түрде азаматтығынан айырылады. Бұл мәжбүрлі шара”, – деді Назарбаев.
“Бірінші кезекте адамдардың террористердің ұйымына кірмеуі үшін осындай шараларды қолдану керек. Біз “Ислам мемлекеті” ұйымынан қайтып келген адамдармен алдын ала жұмыс істеуге тырыстық, бірақ бұл еш нәтижесін бермеді. Сондықтан оларға үйлеріне қайтатын жолды жабу туралы шешім қабылданды”
– деді Мемлекет басшысы.
Дереккөз: kaz.tengrinews.kz