Нұр-Сұлтан
Қазір
-6
Ертең
-7
USD
523
-0.42
EUR
548
-0.97
RUB
5.06
+0.01

“Нанның құрамында мәйітханада қолданылатын дәрі бар”. Депутаттар осылай деп дабыл қақты

199

Бидай өсіру жағынан әлемде алдыңғы қатарда екеніміз мәлім. Алайда отандық нан сапасы соған сай емес. Ас атасының дәмі алдымен депутаттарға ұнамай қалған. Тіпті оның уы бар ашытқыдан пісірілетінін айтып, халық қалаулылары өткен айда дабыл қаққан болатын.

Ләззат Қиынов, Cенат депутаты:

– Ол ашытқылардың құрамында формалин бар. Ал, формалин дегеніміз кәдімгі у. Оны әдетте өлі адамның денесін бұзбай сақтау үшін қолданады.

Ал Ауыл шаруашылығы министрлігіндегілер нанның дәмсіз болуын формалиннен емес, өнімнің тым арзандығынан көреді. Баға төмен болғандықтан наубайханалар ас атасын әзірлеу үшін қолданылатын заттарды барынша үнемдейді екен. Дегенмен, сенаторлар алаңдаушылық білдіргеннен кейін, министрлік шұғыл тексеру жүргізгенімен, наннан зиянды зат таппапты.

Зейнулла Шәріпов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі тамақ қауіпсіздігі департаментінің басқарма басшысы:

– Мәселені тұтынушылардың құқығын қорғау комитетімен бірлесе отырып талқыладық. Мұндай жағдай тіркелген жоқ. Яғни, елімізде нан және нан өнімдерін пісіру кезінде формалин қолданылмайды.

Дегенмен, тағамтанушылар да дабыл бекер қағылған жоқ деген пікірде. Олар елімізде нан пісіру үшін формалиннен бөлек, өзге де химиялық заттар қосылатынын растап отыр. Салдарынан ас атасы дәмсіз болғанымен қоймай, адам ағзасына үлкен зиян тигізеді екен.

Төрегелді Шарманов, Қазақ тағамтану академиясының президенті:

– Нанның дәмі өзінің табиғи көрінісінен айырылып қалып отыр. Ол жәй ғана айырылған емес, ол денсаулыққа өте зиянды. Химиялық жолмен оны жеткіземіз деп, химиялық жолмен оның дәмін келтіреміз деп, тағы-тағы бірдеңелерді қосып жатқанда адам денсаулығына өте үлкен зиянды әсерлер келетіндігін біз байқаймыз. Бұрыңғы табиғи ашытқылар жоқ. Ол жетіспейді.

Ал наубайшылар мұның бәрін жоққа шығарды. Айтуларынша, нан дәмінің халық қалаулыларына ұнамай қалуына өзге жағдайлар себеп болуы мүмкін.

Галина Григорьева, нан зауытының технологы:

– Нанның дәміне түрлі жағдайлар әсер етеді. Оның дәмсіз болуына қалыпты температураның сақталмауы, қышқылдың тиісті мөлшерде болмауы себеп болуы мүмкін. Қамырдың салмағы форманың өлшеміне сәйкес келмесе де кері әсер етеді.

Ал нанның түріне қарап, оның құрамында улы зат бар-жоғын білу мүмкін емес. Сондықтан тағамтанушылар оны тек үйде пісіруге кеңес береді.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз