Нұр-Сұлтан
Қазір
8
Ертең
10
USD
444
-0.47
EUR
475
+0.97
RUB
4.8
+0.04

«Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауына биыл 194 мың қазақстандық сұранған

«Атамекен» балалар үйінің жетекшісі Лиза Скалова «Нұр Отан» партиясының республикалық қоғамдық қабылдауына көмек сұрай келіпті. Оның тәрбиеленушісі Медет Дали Мәскеу мемлекеттік құрыш және қорытпа институтына оқуға түсіпті, бірақ стипендия алмайтын жетім бала көмекке зәру.

Мұхтар Құл-Мұхаммед «Нұр Арман» жаңа партиялық жобасы арқылы болашақ металлургке қаржылық көмек көрсетуге тапсырма берді. Аталған жоба шеңберінде «Нұр Отан» жағдайы төмен отбасылардан шыққан қазақстандық жастар мен жетімдердің әлемнің жетекші ЖОО-да білім алуына мүмкіндік туғызып келеді. Лиза Скалова өз сөзінде күрделі кезеңге тап болған жас қазақстандықтарға көрсетіп жатқан зор қамқорлығы үшін партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа шын жүректен білдірген алғысын жеткізуін сұрады.

Республикалық қоғамдық қабылдауға келген Теміртаудағы №21 мектептің түлегі Дмитрий Мисчанчукке де көмек қолы созылды. Ол биыл ҰБТ-ның межелік деңгейінен өте алмапты. Жас жігіт осыған орай партиядан жәрдем сұрады. Құл-Мұхаммед жігіттің уәжін тыңдап шығып, оған Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Нұр Отанның» биылғы жылы Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыра алмаған түлектерді жұмысқа орналастыратын республикалық жобаны іске қосқанын тілге тиек етті.

Құл-Мұхаммед Теміртаудағы партияның қалалық филиалымен бейнеконференция байланысы арқылы хабарласып, Дмитрий Мисчанчукке жұмыс тауып беруді тапсырды. Міне, осылайша бұл мәселе жарты сағаттың ішінде шешілді. Ол «Имсталькон Теміртау» зауытына жұмысқа орналасатын болды, бірақ алдымен кәсіпорынның қарамағындағы арнайы білім беру орталығында оқиды.

Мұхтар Құл-Мұхаммед «Нұр Отан» партия­сының 11-сыныпты тәмамдап, Ұлттық бірыңғай тестілеуден өте алмаған мыңда­ған жасқа көмек қолын созғанына тоқ­тал­ды. Қазіргі кезде Ұлттық бірыңғай тесті­леуді тапсыра алмаған немесе оған тіпті қатыс­паған 50 мың жастың енді 5 мыңына ғана кө­мек көрсету қалды. Аталған жұмысты Тәуел­сіздік күніне дейін аяқтау жоспарлануда.

«Нұр Отан» партиясы төр­аға­сының бірінші орынбасарының қа­былдауында 18 жастағы елорданың тұрғыны Аркадий Губарев та болды. Жас жігіт – I топтағы мүгедек, диаг­нозы – сал ауруы. Екі жыл бойы ол Қазақ технология және бизнес университеті жанындағы колледж­де қашықтықтан оқу негізінде білім алған, бірақ, отбасындағы қаржылық жағдайға байланысты оның оқуының ақшасын төлей алатын мүмкіндігі жоқ.

Мұхтар Құл-Мұхаммед сыр­қа­тына қарамастан өзін өзі дамыту мен білімін жетілдіруге ұмтылысы күшті жас жігітті мақтап өтті. Партия Төрағасының бірінші орынбасары оған «Кедергісіз келешек» деп аталатын «Нұр Отанның» ауқымды жо­басының бар екенін айтып берді. Жобаның мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандарға жүйелі қолдау көрсету. Мұхтар Құл-Мұхаммед әңгімесін түйіндеп болып Аркадий Губаревқа қаржылық көмек көрсету мәселесін шешіп берді. Өз кезегінде жас жігіт колледжді үздік бітіріп шығып, Қазақстанның дамуына үлесін қосуға уәде берді.

Алматы облысының 57 жасар фермері Талғат Алдамжаровтың тарихы жас Аркадий үшін жарқын мысал бола алады. «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасарымен ол бейнебайланыс арқылы сөйлесті. Ол да арбаға таңылған мүгедек, бірақ бұл жағдай оған алма бағын егуге, мал сатып алуына, жүгері, жоңышқа, соя өсіруіне кедергі келтіре алған жоқ. Бүгінгі күні Талғат Алдамжаровтың шаруа қожалығы гүлденуде, енді ол оны кеңейткісі келеді. Фермер сүт фермасының құрылысын бастау үшін несие алуға көмектесуін сұрап «Нұр Отан» партиясына өтініш білдірді.

Мұхтар Құл-Мұхаммед оның жоспарын толық қолдап, Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» бірегей жобасының іске қосылғанын айтып, онда қазақстандықтардың бизнес-бастамасына шағын несие беру мүмкіндігі қарастырылғанын еске салды. Ендеше, Талғат Алдамжаровтың мәселесі шешілді десек те болады. Партия оған қолдау көрсетуге әзір.

Мұхтар Құл-Мұхаммед Көкшетау медици­на­лық колледжінің 2-курс студенті Кристина Павлованы жағымды жаңалықтан хабар­дар етті. Бойжеткен табиғи тамақ бояғыштары өнді­рісіне байланысты жоба әзірлеп шыға­рыпты. Алайда, оны іске асыру үшін Павловаға бастапқы капитал керек.

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары оған «NURINTECH» республикалық байқауына қатысу үшін, бүкіл республика бойынша қазақстандық жастардың инновациялық зерттемелерін іріктеудің жүріп жатқанын айтты. Оның жеңімпаздары өз идеяларын өмірде іске асыру үшін грант алады. Кристина бұл жаңалыққа қатты қуанды. Ол өзінің осы байқауда жеңіске жететініне сенімді.

Азаматтарды қабылдау іс-шарасын қорытындылаған Мұхтар Құл-Мұхаммед биылғы жылы «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауына 194 мыңнан астам қазақстандықтардың өтініш білдіргеніне тоқталды. Оның ішінде 76 мыңнан астам азамат өз өтініштерін «Электрондық партия» жүйесі арқылы жеткізген. Еліміздің барлық өңірлеріндегі тұрақты жұмыс істеп жатқан қоғамдық қабылдауларында партия жетекшілері, министрлер, әкімдер, мемлекеттік органдар, коммуналдық кәсіпорындар мен ұлттық компаниялардың өкілдері халықпен жиі кездесіп тұрады. Биылғы жылы тап осындай 20 мыңнан астам қабылдау болды. Жұрттың айтқан көптеген мәселелері сол жерде шешілуде. Қосымша пысықтауды талап ететін мәселелерді партия өз бақылауына алуда.

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары азаматтардың бірде-бір өтінішінің назардан тыс қалмайтынын айтып, қоғамдық қабылдаулардың жұмысы «Нұр Отан» қызметінің басым бағыты болып табылатынын атап көрсетті.

«Біздің есігіміз қазақстандықтарға әрдайым ашық», – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз