ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов сынақ кезінде тәртіп бұзатындарға болашақта қандай шара қолданылуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстані.
ҰБТ кезінде аудиторияда тәртіп бұзатын түлектерге айыппұл салынуы мүмкін. Қазір білім министрлігінде ереже бұзатындарға қатысты әкімшілік жауапкершілік енгізу мәселесі талқыланып жатыр. Министрлікті мұндай қатаң шараларға кейбір түлектің ҰБТ тапсыру кезінде селфи жасауы итермелегенге ұқсайды.
“Биыл ҰБТ өткізу пунктерін техникалық жабдықтау 100 процентті құрады, барлығы – соңғы үлгідегі жабдықтар. Аудиторияларда 4G ұялы байланысын басатын құрылғылар орнатылды. Мен өз баяндамамда тоғыз түлектің ҰБТ нәтижесі жойылғанын айтып өттім. Оған олардың ҰБТ өткізу ережесін бұзуы себеп болған. Кейбіреулері сұрақ жазылған парақтарды кітапшадан жыртып алуға дейін барыпты.
Сұрақтарды телефонмен жібере алмаған соң, осындай қадамға барған. Қазір біз бұл мәселе бойынша ішкі істер министрлігімен жұмыс істеп жатырмыз. ҰБТ өткізу ережесін бұзатындарға әкімшілік жауапкершілік, тым болмаса айыппұл деңгейінде, енгізу мәселесін талқылап жатырмыз”, — деді Әлімқұлов баспасөз мәслихатында.
Тест кезінде тікелей эфирге шыққан түлек желіні шулатты>>
Ол білім жүйесін, соның ішінде ҰБТ-ны цифрландыру ашықтықты қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлықтың төмендеуіне септігін тигізетінін атап өтті.
“Жұртшылық көп жұмылдырылған сайын, заң бұзушылық та соғұрлым азая түседі. Былтырдан бастап біз пилотты режимде онлайн-трансляция енгіздік. Сол жолы аудиториялардың 20 проценті осындай технологиялармен жабдықталды. Ал биыл біз бұл көрсеткішті 85 %-ке дейін жеткіздік. Келесі жылы 100 процентке жеткізуді көздеп отырмыз. Сондықтан ҰБТ барысын бақылайтындар саны артқан сайын, тәртіп бұзушылар да азаяды деп санаймыз”, — деді Әлімқұлов.