Биыл еліміздің мемлекеттік аппаратында меритократия қағидалары, яғни мемлекеттік қызметкерді оның жеке қабілеттерін бағалау негізінде жоғарылату шаралары іс жүзінде қолға алына бастады.
Cоның арқасында мансапқор мемлекеттік қызметкерлердің саны артты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Енді, мемлекеттік қызметкерлер тек конкурс нәтижесі бойынша ғана көтеріле алады. Оған қоса, үміткердің төменгі сатыдан бастап, жаңа қызметке дейінгі еңбек тәжірибесі болуы шарт. Бұрын бастықтар өзінің сенімді адамдарын конкурссыз тағайындаса, қазір ондай әрекеттерге жол берілмейді. Себебі мансаптық өсу тек төменгі қызметтен ғана басталады. Бұл – басты талап» – дейді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шаимова.
Мансапқор қызметкерлердің басым бөлігі ҚР Ұлттық экономика министрлігінде, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінде, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облыстарында жұмыс істейді.
«Қазірдің өзінде мемлекеттік органдарда бос тұрған бір вакансиядан үміткер азаматтардың саны 5-ке дейін артты. Мәселен, Инвестициялар және даму министрлігінде бір қызметке 6 адам таласып отыр. Бұл – өте жақсы көрсеткіш», – деп атап көрсетті Айгүл Шаимова.