Нұр-Сұлтан
Қазір
15
Ертең
23
USD
447
-0.91
EUR
476
-2.17
RUB
4.79
+0.03

“Масқара мынау”. Пантеонның түбі рулық мазарға айналып кетпесін…

7117

Яғни, мемлекет басшылары мен олардың отбасы мүшелері, премьер-министрлер мен мемлекеттік хатшылар, Жоғарғы сот пен Ұлттық банк басшылары, Президент әкімшілігінің жетекшілері, министрлер, меморган басшылары, облыс әкімдері, үш мегаполис: Астана мен Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері һәм олардың әйелдері (мүмкін тоқалдары да).

«Өзекті жанға бір өлім» дегендей,

ажал келгенге дейін қылмысты болып сотталып кетпесе, қазір тақта отырғандар мен олардан кейін таққа отыратындар осы «ақ молаға» ардақталып жерленбек.

Үкіметіміз осылай қаулы шығарды.

Не керек, қазірдің өзінде байлығы мен айлығы жөнінен қара халықтан жер мен айдың ара қашықтығындай озып кеткендер, көздері жұмылған соң жерленетін жерлерін де қалың жұрттан оқшаулап алды.

Әрине, аткөпір шенеуніктің арасында Еңбек Ерлері, Халық Қаһармандары, ғарышкер-ұшқыштар, жоғары дәрежелі орден алғандар да жерленеді. Олар онсыз да көп емес қой.

Ал қанша жерден таланты тас жарып тұрса да, әлгіндей орденге қол жеткізе алмаған өнер адамдары өле қалса, оларды «ақ моланың» есігінен де сығалатпайды.

Әне, солай! Себебі, заңның ережесіне сыймайды. Жерленуге құқығы жоқ.

Е-е, дейсің! Жеке мола салып, жобасына салық төлеушілердің есебінен бөлініп қойылған 79 миллиард теңгені армансыз жұмсап, арғы дүниеде де аяқтарын аспанға асып қойып жатпақ па бұлар, сонда?!

Оразалиннің руластары «жазушы» деген куәлік алып, Одаққа мүше боп кетті

Мәңгілікке жатамыз дейді-ау…

Мәңгілікке жататын болса, Құл Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жерленген 21 ханның, 190 бидің, 52 батырдың, 8 сұлтанның сүйегі қайда, тауып беріңіздерші. Олардың бәрі қазіргі шенеуніктердей жемқор, ұры-қары емес, елім деп туған еңіреген ерлер болса да, сүйектерін сақтай алмадық.

Олардың қасында бүгінгі шікірейген шенеуніктер армиясының ертеңгі сықырлаған сүйектері өздерінің бала-шағасына керек болмаса, кімге дәрі?!

Бас иіп, тағзым ететіндей, қасиет тұтып, құрметтейтіндей, елдігіміздің өлшемі болатындай бақилық орын бола ала ма? Күмәнді.

Оның үстіне,

жоғары шенді шенеуніктердің көбісі, бір белді рудан шыққанын ескерсек, пантеонымыз түбі рулық мазарға айналып кетпей ме?

Алла алдында адамның бәрі бірдей. Құранның құндылықтарын есепке алсақ, көз жұмған кез келген мұсылман жата алмайтындай өз алдына асқақтатып бөлек мазар салу исламның этикасына сәйкес келмейді.

Исламды берік тұтынған елдерде ондай атымен жоқ. Тіпті, Пайғамбарымыздың сенімді серігі – үшінші халиф Осман хазіреттің моласы Мәдинадағы Бақи қорымында жермен жер болып жатыр. Басында кішкене тастан басқа белгі жоқ. Жазу да жоқ.

Осындайда Мұқағали ақынның «Майгүлге» деген өлеңіндегі «Керегі жоқ көк тастың, Қыста ақ қар, жазда шалғын, шөп бассын» деп, қыршын кеткен перзентін «таспен қалай сені жаншып қоярмын» деп, тебіренгені еріксіз еске түседі.

Мазар – мәңгілік емес. Шариғат бойынша, сүйек әбден шіріп бітетін 50 немесе 100 жылдан кейін мазардың орнын сүріп тастап, орнына қала сала беруге болады. Бұл – ғалымдардың пайымы және Батыс елдерінде қолданылып жүрген жағдай. Батыс демекші, ол жақта зираттың, жерлеудің қалыптасқан мәдениеті, қатаң үлгісі бар.

Бізде ше? Әлем бізді мұсылман елі деп таниды. Ал мазарларымызды көргенде, олардың қандай күйге түсетінін ойладық па?

Ұлтсыздар елді билесе… Қазақ — көрге кіріп, өлетін ұлт

Мәселен, Алматыдадағы атақты Кеңсай қабірстанына бара қалсаңыз, не сыртқы әрленуі, не ішкі мағынасы мұсылмандық рәсімге жатпайтын алып монументтерді көргенде, көне римдік кезеңге тап болғандай күй кешетініңіз бар. Шағын мүсін қою мен сурет ілу жайын сөз етпей-ақ қоялық.

Біздегі мазар тұрғызу мәдениеті, өкінішке қарай, соңғы кезде өліктерден гөрі, тірі адамдар арасындағы бәсекеге қызмет ететін формаға ауыстырылған. Зираттағы мазарлардың архитектуралық келбетіне, ісмерлік әдісіне қарап, өлікті және өлімді ойлауға шамаңыз келмей қалады.

Кейбір мазарларды әшекейлеуде асыра сілтегені соншалық, бірнеше жүз мыңдаған доллар көлемінде ақша сарп етілген. Өте қымбат тастармен әшкейленіп, ол тастарды ұрлап кетпес үшін жан-жағына бейнекамералар қаптап қойылған мазарларды да көрдік.

Мұның бәрі пенделер арасындағы дүниеге табынудың, дүниені әспеттеудің, ас та төк жағдайын көрсету пиғылынан туындап отырған мәселе. Шектен тыс көрсеқызарлық қабір соғудан да жарыс туғызған.

Ертең Ұлттық пантеон да осы Кеңсайдың кебін кимесіне кім кепіл?

Бүгінгі шіренген шенеуніктердің желіккен ұлдары мен тәлпіш қыздары, болмаса, құтырынған тоқалдары мазарларды ескерткішке айналдыру және сол ескерткіш арқылы өздерінің марқұм болған әке-шешелерін ел алдында асқақтату, олардың аруағын жоғары көтеру мақсатынан туындаған әрекеттерге бармайды деймісіз.

Тірінің құқын таптап жүре беретін елде өліге арналған біркелкілік заң сақталады дегенге сене алмайсың. Осыны да ойлап қойған жөн.

Ұлттық пантеоннан тіріге де, өліге де еш пайда жоқ. Қайта осындай мазар құрылыстарына жұмсалған қаржыны тірі адамдарға баспана салуға, қайырымды бір шараға, кембағал міскін адамдарға көмек беруге, жетім-жесірлерге, мүгедектерге, кедей оқушылар мен студенттерге жәрдемақы ретінде беретін болса, оның өліге де сауабы тиеді, тіріге де шарапаты тиеді.

Біздегі жарқыраған қабірлерге барғанда, өлік тұрмақ, тірі адам соның ішіне кіріп кеткісі келеді.

Айтпақшы, көпдінді ел болған соң, шенеуніктердің арасында орыс пен еврей, неміс пен кәрістің де кездесетіні анық.

Оларды бөлек жерлемейміз ғой?

Сонда дейміз де, Ұлттық пантеонымыз Бауырластар зиратына айналып кетпей ме?..

Мұсабек ЖЫЛЫСБАЙ, TazaEl.KZ

«Түрмеде өлген…». Әйгілі шал – Тоғызақовтың әкесі кім еді?

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз