«Қазақ болып, жабыла санамызды өзгерткіміз келмей отыр екен! Сана өзгермеген жерде қоғам қалай өзгерсін? Жемқорлық қалай жойылсын? Билік қалай ауыссын?
"Фариза апам сондай ма еді?". Жаман сөз айту емес, басымнан өткені…
Қайбір жылы Өскеменнен іссапардан кері қайттым. Жаңғызтөбеге таксилетіп келіп, Семей–Алматы бағытындағы пойызға міндім. Менің қуанышыма орай, көрші купеде кіл ақын–жазушылар келе жатыр екен. Қуанып кеттім. Әсіресе, Қабдеш ағамыз бүкіл жұртты аузына қаратып, әңгімені соғып келеді. Тыңдаушы бірнеше адам. Бауыржан Жақып, Есенғали Раушан, Мамытбек Қалдыбай есімде. Басқаларын ұмытыппын.
Сөйтсем, ақын–жазушылар Семейдегі Шәкәрімнің тойынан қайтқан беттері екен. Шетте отырып, Қабекеңнің әңгімесін тыңдап отырғам. Кенет, Қабдеш маған қарап тұрды да:
“Әй, бала! Сен қайдан боласың?”
Ойымда дәнеңе жоқ. Іссапардан қайтып келе жатқанымды айттым.
“Жоқ. Туған жерің қайдан деп сұрап тұрмын” деді.
“Аға, Шымкенттен болам“.
“Шымкенттің қай жағы?”
“Созақтанмын…”
“Созақтан болсаң – Қоңырат шығарсың?”
“Жоқ, аға. Тама боламын“.
Сол – сол–ақ екен, ағамның көзі сүзеген бұқаның көзіндей алайып шыға келді де айқай салды: “Әәә! Сен шпион екенсің ғой! Менің ата жауым сені арамызға әдейі жіберген екен ғой! Бар! Шық, купеден!” деп баж ете қалды.
Басында әзілі шығар деп мән бермей отыра бергем. Өйткені, Қабдештің кіммен жауласып, кіммен айтысып жүргенінде не шаруам бар? Сөйтсем, ақсақал екіленіп қоятын түрі жоқ.
“Мен ары қарай ештеңе айтпаймын! Мына шпионды шығарып жіберіңдер!” деп үдетіп барады.
Басқалар да мен сияқты түсінбей қалды. Жымиып, үндемей отыр. Мамытбек ағам сыртқа жетектеп алып шықты да: “Бұл қиқар шал. Шын ниетімен айтып отыр. Жүйкесін жұқартпай–ақ қойшы” дегесін, “Қабдеші құрысын!” деп өз купеме кеттім.
Кейін Қабдештің “ата жауы” кім екенін білдім. Сөйтсем, Кіші жүзден шыққан Әбдіжәміл Нұрпейісов екен! Сөйтіп, ойда жоқта “титандардың” соғысы арасында жазықсыз жапа шеге жаздағаным бар.
Бірақ бұдан мен тек Қабдеш Жұмаділов қана рушыл деген ойға келген жоқпын.
Осы бір мысалдан – біздің зиялы қауым арасындағы кеселдің тым терең, тым дендеп кеткенін ғана білдім. Бұл бір ғана мысал.
Кейін, Жазушылар Одағын Оразалин басқарған тұста Оразалиннің руластары “еңбектеген баласынан еңкейген қартына дейін” “жазушы” деген куәлік алып, Одаққа мүше боп кетті.
"Оны білеміз ғой". Ең рушыл ақын, ең жағымпаз жазушы кім?
Бұрын трайбализмнің қолтығына су бүркіп, оны жиі–жиі үрлеп отырушы – Кремль болса, ал қазір кәдімгі өзіміздің билік! Президент аппараты, сот, құқық қорғау сияқты басты орындарда кімдер отыр? Әрине шапыраштылар! Шапырашты болмаса — Ұлы жүздің өкілі. Олар қол астындағы облыстық, аудандық тармақтарға кімдерді қояды? Әрине, өз руластарын, туыстарын, болмаған жағдайда курстас достарын қояды! Осылай, спруттың тарбиған тармағы алыстағы ауылдарға да зиянын тигізіп жатыр. Бұл тек Ұлы жүз ғана емес, Орта жүз бен Кіші жүзге де тән “дәстүр”. Трайбалистер бүгінде “жоғары кастаға” немесе йерархияға айналған. Кешегі Сарыағаш оқиғасы секілді елдегі бүкіл кесірлі оқиғаның салдары осы трайбализмде!
Трайбализмнің көрінісі кез-келген өңірге барсаңыз алдымен көзге ұрады!
Мысалы, Алматыдағы басты көше Абылайхан атында. Шымкентке барсаңыз — Тәукехан көшесіне түсесіз. Әбілқайыр хан даңғылы — Оралда. Махамбет пен Құрманғазы Атырауда. Кенесары — Көкшетауда.
Ескерткіштер де дәл солай! Қызылордада Жанқожа, Атырауда Махамбет пен Исатай, Жезқазғанда Кетбұға, Алматыда Қарасай (мұндай батырдың болғанына күмән көп). Керісінше емес! Неліктен, Исатай мен Махамбетті Шымкентте, Қабанбай Атырауда, Жанқожа Өскеменде, Жәңгірхан Петропавлда тұрмайды? Неліктен?
Қысқасы, руыңды білгенің жақсы. Бірақ қыз алысып- қыз берісу үшін ғана! Басқаша бөлінудің бәрі бекер!»
Тоқтар Жақаштың Фейсбуктегі парақшасынан алынды