Мәскеуде көлік ішінде көз жұмған екі қазақстандықтың аты-жөні анықталды.
Бұл туралы Ресей Федерациясындағы Қазақстан елшілігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Екі Қазақстан азаматының автомобильде табылған мәйіті туралы ақпарат ресейлік БАҚ-тарда жарияланғаннан кейін, РФ-дағы Қазақстан елшілігінің консулдық қызмет мамандары Мәскеу қаласындағы Дмитровский ауданының ішкі істер органына барған. Құқық қорғау органдарының ақпаратына сәйкес, табылған мәйіттер Қазақстан Республикасының азаматтарына тиесілі болып шықты.
Қаза тапқан екі азаматтың аты-жөні – Баркалов Алексей Русланович пен Москалев Виктор Николаевич.
Олар Маңғыстау облысының тумасы екен», – делінген хабарламада.
Алдын ала дерек бойынша, олар газдан уланып қаза тапқан. Өлімнің нақты себебі сот-медициналық сараптамасынан кейін анықталады.
РФ-дағы Қазақстан елшілігінің консулдық қызметі бұл мәселені бақылауына алып отыр. Көз жұмғандардың туыстарына қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіледі. Алдында хабарланғандай, «Газель» автомобилінде қаза тапқан екі қазақстандықтың денесі Мәскеудің Дмитровск ауданында табылған.