Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров Еуроодақтың Орталық Азия елдеріне инвестиция бөлуінде саяси астар бар деп есептейді. Ол бұл жөнінде “Международная жизнь” журналына берген сұхбатында айтқан. Сұхбаттың мәтінін Ресейдің сыртқы саяси мекемесі ресми сайтына көшіріп басқан.
“Постсоветтік елдерге жасалынатын “Шығыстық әріптестік” секілді көңілді абыржытатын тәжірибе бар. Брюссельдің бұрынғы СССР елдерімен қарым-қатынасы “нөлдік сомамен ойнау” әдісіне сәйкес келеді. Біздің халықтың бір-бірімен көпғасырлық байланысын есепке алмай, тек бұл қарым-қатынасты үзуге бағытталған”, – дейді Лавров.
Оның сөздерінше, “еуропалық инвестицияның көбінде саяси астары бар, олардың қаржылай көмегінің негізгі мақсаты – аймақтардан ЕО тауарларын өткізу үшін нарық ашу ғана”.
РФ сыртқы істер министрі соңғы он жылда Ресей Орталық Азия елдеріне 6,7 миллиард доллар көлемінде қаржылай көмек көрсеткенін атап өткен.