Нұр-Сұлтан
Қазір
3
Ертең
17
USD
444
+1.32
EUR
475
+0.35
RUB
4.83
+0.09

Көптен бері көрінбей кеткен Таркан алматылықтарды жалынды әндеріне билетті

315

Әлемге түрік музыкасын ашқан 2000 жылдардың хит әншісін сағынған қазақстандықтар көп болды. Оған себеп те жоқ емес – Таркан Қазақстанда соңғы рет 10 жыл бұрын – елорданың туған күнінде концерт қойған.

Міне, 10 жылдан кейін SoldOut Concerts ұйымдастыруымен Almaty Arena-да түрік жұлдызы үздік хиттерін орындады. Кеш бойы лық толы стадион әншінің әндерін қосыла шырқап, армансыз биледі.

Әнші өз шоуын Yolla әнімен ашты. Бұл оның 2017 жылы шыққан «10» альбомына кірген үздік әндерінің бірі. Келесі хит – Bu Gece-ні бүкіл стадион қосыла шырқап, романтикалық атмосфераға бөленді. Жарқын композицияларды Ölürüm sana әсерлі әні жалғады. Сенім мен шексіз махаббат туралы әнде Таркан гитаристпен билеп, залмен сөйлесіп үлгерді.

Қазақстандықтар өте жақсы көретін жауапсыз махаббат туралы 2003 жылдың хиті – Dudu әнінде залда әртіспен бірге ән шырқап, билемеген адам қалмады. Бұған дейін осы әнге тек көңілді кештерде билеп жүрген жұрт хит орындаушымен бірге билеуден ләззат алғаны сөзсіз.

Тарканның өзі залдың әр бұрышына барып, әр жерде отырған көрермендерге көңіл бөлуге тырысты. 51 жастағы әртіс өзін ширақ ұстады, өзіне ғана тән билерін де билеуді ұмытпады. Жалпы айтқанда, жиналған дүйім жұрттың көңілінен шыға білді.

Бұдан кейін екі ғашықтың қоштасуы туралы Sevdanın Son Vuruşu, жалынды Vay anam vay, Beni Cok Sev және Yap Bi Güzellik әндерін орындады. Гитаристің соло орындауымен әнші сәл үзіліс алып, жылтыр бомберін жылтыр күміс жапсырмалармен өрнектелген қара жейдеге ауыстырды. Залды 2001 жылғы хит – Kuzu Kuzu әніне билетіп, Kiss Kiss және Hepsi senin mi хиттерімен қуантты.

Биік экрандағы жарық эффектілері әр әнді сүйемелдеп, көрерменді әннің көңіл күйіне түсіп отыруға көмектесті. Әрі әншінің бейнесі барлық залға көрінетіндей, жақсы бейнеледі.

Әншінің соңғы хиттерінің бірі — Öp әнін орындағаннан кейін Таркан көрермендермен қоштасып сахна артына кетіп қалған болатын. Алайда концертке тоймаған жұрт шапалақ ұрып орындаушыны қайта сахнаға шығарып алды. Бұдан кейін Aşk Gitti Bizden хитін орындап, алматылықтарға жақсы тілектерін айтып, келесі кездескенше деп қош айтысты.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз