Қазір қаланың жағдайы ауылдан жақсы. Бірақ тариф бойынша ауыл қаладан қарағанда әлдеқайда көп шығындады. Пародокс дейтін шығарсыздар. Бірақ бұл ащы да болса шындық.
Алматы облысының басқа аудандарында жарық тарифінің еселеп түскенін қазір естіп жатырмыз. Бірақ Талғар ауданының мыңқ етер түрі жоқ. Құдды, бұл тапсырманың өздеріне қатысы жоқ секілді. Ал шынында қатысы болғанда қандай?..
Бизнесмендер қаласы — Алматының тұрғындарына қарағанда бір айлыққа қараған жарымағыр біздің ауылдықтар жарыққа екі есе жоғары тарифпен ақы төлейді. Қалада жарықтың тарифі шамамен 11 теңге болса, Айғанымда ол — 27 теңге. Оған желіде жоғалған жарыққа деп 200 теңге тағы қосып қойған.
Бәленбай жыл қалада пәтер жалдап тентіреп, әрең жеткен өз үйінде, өз ауылында шу шығарғысы жоқ айғанымдықтардың. Сондықтан да осыған дейін бұл тарифті қанша қиынсынса да мұндағы жұрт төлеп келген. Өйткені жарық беруші жекеменшік қой деп. Бірақ жекеменшік дегеннің тарифі баяғыда жойылған, негізі заң бойынша. Яғни, жарықты әкелгені үшін компания үкімет белгілеген тарифтің үстіне өзінің инвестициялық тарифін үстемелейді. 27 теңге деген осыдан шығып отыр. Алайда инвестициялық тариф дегеннің заңдық қолданыстан шыққалы қай заман?..
«Талғары құрысын!». «Айғанымдықтар» өздерін басқа ауданға өткізуді сұрайды (видео)
Жарық әкелген компания баяғыда өз шығынын шығарып, пайдасын түгендеп алған. Есеп бойынша 5 жылда олар шығынын жауып, пайдасын алып, оны мемлекетке өткізуі тиіс. Ал біздегілердің отырғанына 10 жылға жуықтап қалды. Әкімдік пен жарық беруші компания қолын салып үйреніп қалған бұл „қазанның„ қақпағын жапқысы жоқ. Кім көлденең табыстан оңайшылықпен айырылғысы келеді дейсіз?
Ел шуласа ғана „мемлекеттің баланысына өткіземіз, әне-міне„ деп қимылдағандай болғанмен, артын сұйылтып, ел басылды-ау дегенде қарпитындар қарпи береді жұртты қанап баяғы әдетімен.
Оны айтасыз, сол тарифке жарық беру сапасы сай болса жақсы ғой. Үп еткен жел соқса, болды, жарық берушілер бүкіл светті сөндіріп тастайды. Өл, тіріл, жарық жоқ саған содан. Жарық жиі өшеді. Тұтынушының құқығы себепсіз жиі бұзылады.
Таяуда ауылға газ құбыры тартыла бастады. Оны да әкеп жатқан жекеменшік. Содан соң бағасы удай. Бұл, әрине бөлек мәселе. Ал осы газдың пеші токпен істейтіндігі белгілі ғой. Газдың пешін бізде кредитке алып жатқандар да бар. 150-200 мың теңгені еселеп банкке төлейді тағы. Ал өшіп-жана беретін жарық оны істен шығарып тастаса, онсыз да титықтаған халыққа не болады? Мұны ойлап жатқан бізде басшылар жоқ. Бар қолынан келетіні – қалтасын қампайтып, елдің аузын жабу.
„Жарықсыз да отырған күндеріңіз болды. Осыған рақмет айтыңыздар„, – дейді әкімдіктегілер тағы ұялмай. Бірнәрсені қырып тастаған секілді.
Айтқандай, сол шіренгендер ауылда ауызсудың әлі жоқ екенін жақсы біледі. Бөлінетін ақша мемлекеттен әлдеқашан бөлініп, желінетін ақша „желініп„ кеткен. Мұны да ұялмай ел алдында айтты өздері. Бірақ облыстан комиссия келіп қысқанда мойындады оны тағы да. Сол комиссияға ауылда су биыл қазан айында болады деп уәде берген. Қайдағы?.. Су да жоқ, тас та жоқ…
Құрметті Елбасы! Сіздің тапсырмаңыз бойынша біздің ауыл қамтылмады. Бір комиссия жібертіңізші біздің ауылға. Әйтпесе мұндағы шенділер қозғалмайды. Беті қалың. Өтірік айта салады халыққа тағы. Комиссияның енді жөні бөлек қой…
Берік Әбдісағани,
Алматы облысы, Талғар ауданы, Айғаным ауылының тұрғыны
Қапшағайдың жылу жүйесі қызметінің тарифі 77 процентке төмендетілді