Жылдар бойына шындық іздеп шырылдаған Алматы облысы, Талғар ауданына қарасты Айғаным ауылына ақыры комиссия келіп жетті. Бұл жаңалық кеше бірнеше телеарнадан берілді.
Ішінде Қазақстан ұлттық арнасынан бастап, 31 теларнаға дейін бар. Өйткені БАҚ өкілдері бұл ауылдың жырымен өте жақсы таныс. Тура Алматының іргесінде сусыз, жолсыз, емханасыз, мектепсіз отырған соры қайнаған ауылға қанша жерден жаны ашып, мәселесін талай рет көтергенімен бұл істе бір жылжу болмап еді. Сондықтан көп уақыттан соң облыстан комиссияның осы ауылға ат басын бұруы мұндағылар түгілі БАҚ өкілдері үшін де үлкен жаңалық болды.
комиссияның түрін көріп, сөзін естігендегі ауыл адамдарының балбұл жайнаған жүзін көрсеңіздер, Рамазан айында құды Қыдырдың өзі келгендей әсер алғанын анық байқауға болады. Әрине, үмітсіз шайтан деген, енді осы жылт еткен жақсылықтың шарапаты мол болса деп іштей тілейді мұндағы жұрт.
Комиссияның аты комиссия. Бұған дейін БАҚ алдында түрліше сайраған ауылдық әкімдік өкілдерінің бұл жолы сөзі мен келтірген дәйектерінде үлкен айырма болып шықты.
Комиссия келгендегі ауылдағы бір өзгеріс – мына тақтайша. „Ауызсу қашан болады„ деп жүрген ауылдықтар үшін мәлімет жария болды. Бұл ақпаратты көрген ауылдықтар таң-тамаша. Оны айтасыз…
Мәселен, Айғаным ауылына қарасты округке, алдында айтылып жүргендей, ауызсу тартуға 500 мың теңге емес, 500 млн теңге бөлінген болып шықты. Онда да 2014 жылдан бастап бөлініпті. Бірақ түрен салып, арада батпандай 3 жыл өтсе де алақандай ауылда ауызсу әлі жоқ.
31 телеарна келтірген дерекке сүйенсек, ауыл ішіндегі жолға тас төсеуге бөлінген алғашқы 1 млн 800 мың теңгені „Лидер„ ЖШС деген ұтып алыпты. Ондай компанияның өзін түгіл атын да айғанымдықтар көрмеген, естімеген. Ауыл ішіндегі жолдың шаңы шығып, ішек-қарны ақтарылып жатқаны анау. Осындай сауалдармен ауыл әкімін тұрғындар қоршауға алғанда ол жауап беруден тосылды, әрине.
Ауызсудың да жайы осылай. Алдында әкім бұл ретте „Үкіметтен ақша бөлінбей жатыр„ деп қысқа қайырған еді беті шімірікпестен бір ай бұрын Алматы телеарнасына берген эксклюзив сұқбатта. Енді ше?..
Енді әкім мердігер компанияны сотқа берем деп кіжінеді.
Демек, ақша „желінгені„ рас қой. Әйтпесе айтып отырған соты несі?.. Қалай дегенмен де елдің бұл көрініске күлкісі келді. „Қарға қарғаның көзін шұқымайды„. Демек, бұл жәй ел алдындағы алдаусырату „ойыны„ ғой. Немесе „Сасқан үйрек артымен жүзеді„ дегеннің кері. Бастысы – кінәлі табылып, тамақтан ұсталды. Басты қатырмасын, жауаптылар жауапқа тартылсын! Мұндағы ел осыған қол жеткізбей қоймайды, енді. Бір анығы осы. Комиссия боп келген Алматы облысы әкімінің бас инспекторы Гүлбақыт Хасенова да жауаптылар жазасын алады деп отыр.
– Біз барлық мәселе бойынша жұмыс істейміз. Айтылған кемшіліктер анықталса, жауаптылар заң жүзінде жазасын алады, – деді ол.
https://kaz.365info.kz/talgary-khyrysyn-ajganymdykhtar-ozderin-baskha-audanga-otkizudi-syrajdy-video-261669
Ал жылдар бойына халық зар қақсап, жөндете алмай келе жатқан ауыл сыртындағы жолды комиссия келгенде бір-ақ күнде шала-пұшық қырдыртып тастаған әкімнің сөзі былай болды:
– 544 млн қаражат бөлінді. Ақша бірден бөлінген жоқ, ол кезең-кезеңімен берілді. Қазір Айғаным, Ай-Абылайға келіп тоқтады. Бөлінген қаржының 370 млн теңгесі игерілді. 32 шақырымға су құбыры тартылуы керек болған. Бірақ мердігер компания өзіне жүктелген міндетін орындамады. Сондықтан оларды сотқа береміз, – дейді Алматы облысы Қайнар ауылдық округінің әкімі Жандос Ясинов.
Бұл шындап тықыр таянғанда ашылған ауызсуға қатысты шындық қана. Басқасына елдің тісі батпайды, мүмкін комиссия өзінің жұмысын жария жүргізсе, әлі талай былықтың беті ашылатын секілді, негізі…
Айтқандай жол демекші, әкімнің сөзіне қарағанда бұл ауылдың сыртындағы жолға мүлде ақша бөлінбеген көрінеді. Әкімдік жол үшін бюджеттен 109 млн теңге сұраған, бірақ бұл өтініш қанағаттандырылмапты. Бұл сөздері рас болса, енді…