Нұр-Сұлтан
Қазір
3
Ертең
11
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

“Талғары құрысын!”. “Айғанымдықтар” өздерін басқа ауданға өткізуді сұрайды (видео)

188

Жолдың жыры бітпеді…

Көрген көрініс мынау: қар-жаңбырда батпақ, күн жылыда шаңға көміліп жатқан жолды әкімдердің жылда жөндейміз деген құрғақ уәдесінен жалыққан ел ақша жинап, ескі асфальтті өздері төсетіп жатыр екен.

Бір камазы 35 мың теңге тұратын құмды төккізуге бәрінің шамасы жетпейді. Ал осыдан бір жыл бұрын ауыз су тартамыз деп, тендерді ұтқан компания жұмысын жарты жолда тастап кеткен. Тіптен, қазылған ор жер астының сасық суына толып, балалар мен сиыр түсіп кететін апанға айналған.

«Осыншама қиыншылық көрдік 8 жылдың ішінде. Балаларда ауыра береді кешке дейін. Не скори жоқ. Не медпунктіміз жоқ. Не дұрыс әкіміміз де жоқ,  халықтың алдынан дұрыс өтіп кететін»,

– деді Айғаным ауылының тұрғыны Болат Сабинов.

Мектепке бару да ақша…

«Ай Абылай» мен «Айғаным» атты екі шағын ауданда 2 мыңнан астам үй, 10 мыңға жуық ел тұрады. Аптап ыстықта шаңға көміліп, ойлы-шұңқырлы көшемен келе жатқан оқушылар мынау. Үлкен ауылда аурухана, мектеп деген атымен жоқ. 700-дей бала мектепке барса, оның 350-і Еркін ауылына, қалғаны Өтеген, Қызыл ту сынды көлікпен ғана жететін елді-мекендерге барып оқуға мәжбүр.

Негізінен, оқушыларды мектепке тегін таситын автобус бар. Онда да ескі, өте шағын. Көп бұзылады, бала сыймайды, қайта-қайта қатынауға мәжбүр. Автобус сынса, ел балаларын таксиге салады. Ақысы 100 теңге болатын. Қазір 150 теңге қылып алды. Таксиді де түсінуге болады, жаман жол қойсын ба, машинаның түгін қалдырмайды.

Қалай дегенмен де оқушыны автобусқа салу үшін бір үйге бір адам керек. Жұмыстағылары болса, күнде тақымын қысып отырады. Бүгін автобус бұзылып қалса, қайтем дейді. Онда жүгіріп, көршісіне, тағы да үйіне отырған біреулерге звандайды.

„Баламды бірдеме қып мектепке салып жіберші„ деп өтініш қылады. Өйткені такси деген оқушыларға тоқтамайды. Ақша төлемейді дейді. Ақшасы бары да оңайшылықпен көлікті тоқтата алмайды.

Жеке адамдар қорқады. Қазір түрлі бәле салатындар бар ғой. Педофил дей ме, кім білсін?.. Сондықтан жолда тұрған балаға ешкім жоламайды. Өте қиын енді…

«Міне, бала-шағаның түрі. Адам сияқты жібереміз, мал сияқты келеді. Киімнен киім жоқ. Әкім бізге келмейді. Ешқандай жиналыс өткізбейді де. Ұяламыз біз. Өз жерімізде отырып, осылай тұрып жатқанымызға ұяламыз. Халық ашынып, уже ызасы келгеннен ештеңе айтада алмайды»,

– деді Айғаным ауылының тұрғыны Әсел Құсайынова.

Негізі, бұл ауылға келгенде, туған бала қазір мектепті бітіріп кетіп те жатыр. Сол күйі ауылының мектебін көрмеген. Міне, бұл ХХІ ғасырдағы бай, дәулетті Қазақстанның өмірі.

Көлігі бар суды тасып ішеді, көлігі жоқ сасық су ішеді

Ауыл ауыз судан ада. Ауыз су әкелеміз деп ауыл іші қазылып қалғанына міне, үшінші жылдың жүзі болып барады. Әкімдіктегілер түрлі сылтау айтады. Бірақ халық ақымақ емес қой, ақша желінген, тегін кім құбыр тартсын? Содан, бәрі орта жолда қалған. Анығы осы.

Бұл ауылдың бір ерекшелігі жер асты суы жердің беткі қыртысына өте жақын орналасқан. Көктем мен күзде су көтерілгенде қазған құдықтың суы лайланып кетеді. Иә, адамдар өз бетімен құдық қаздыртып алған. Ол да ақша тұрады. Шығыны 100-150 мыңға барады.

Бірақ ол су ішуге жарамсыз. Сондықтан ауылдықтар Еркінде ағып тұрған артезиан суын тасып ішеді. Ал көлігі жоқтар сасық суды талғажу етеді, қайтеді енді?

Үлкендер ағзасы қалыптасқан, әзірге сыр беріп жатқан жоқ. Бірақ балалар мұнда жиі ауырады. Бірден-бір себеп – ауыз су.

Өті толып кеткен, бүйрегіне тас байланған, өті қисайған сынды диагнозды бұл ауылдың балаларынан жиі кездестіруге болады. Осы диагнозбен ауыз сумен қамтамасыз етпеген әкімдікті жеке адамдар сотқа да бере алады, негізі.

Бірақ жұмыс пен ауылдың мәселесіне басымен кірген айғанымдықтардың мұны ойлауға шамасы жоқ секілді.

Оның үстіне, ішер суға жарымаса да, ауылдың астынан соңғы жылдары жер астынан артезиан суы шығып, тұрмыстық тауқыметін, тіптен, қиындатып жіберген. Ол бұрап, тоқтата салатын су емес қой. Өздігінен шығып жатыр. Ол жайылып, ауылға кіргенде аптап ыстықтың өзінде балшық кешіп жүргеніңіз. Айтайын дегеніміз, су жоқ емес, табиғаттың өзі ауылдықтардың зарын естіп, жер астынан тегін суды атқылатып жатыр, бірақ соны ауылға бұрып әкеп, оны жарамды етуге әкімдегілер бас қатырғысы келмейтін секілді. Оны ойлап жүрген онда ешкім де жоқ.

Свет бар, бірақ тарифі байларға арналған

Конституцияда Қазақстан азаматтарының құқығы тең деген. Бірақ электр тарифіндегі ала-құлалық осы заңды белден басуда. Үкімет инвестициялық тариф дегенді тоқтаттық дегелі қашан? Бірақ оның айғанымдықтарға еш қатысы жоқтай.

Мұнда мыңдаған халық мемлекеттің қаржысы арқылы тартылған электр желілерінің әлі күнге Талғар ауданының айналасындағы адамдардың бизнес көзіне айналғанына налиды.

Өркениеттен жырақ қалған жұрт жарықтың әр киловаты үшін 10 теңгеге қымбат төлейді. 1 кВ – 28 теңге. Оның үстіне, делдалдар әр отбасынан 200 теңгеде қосымша тағы жинайды.

Үкіметке қоссын десе ел, бір іс-қимыл байқалғандай болады. Артынан бәрін ұмыттырып жібереді. Кім жемтігінен оңайшылықпен айырылғысы келеді дейсіз?.. Бұл да осындағы жұртты қатты ашындырады. Болды ғой. Жекеменшік шығынын баяғыда шығарып алды. 4-5 жыл болса, бір сәрі. 15 жылға кетіп барады.

Бір жалақыға қарап, ыңыршағы айналған ауылдықтар байларға арналған тарифті төлейді. Төлеген, төлеп келеді, әлі де төлеп жатыр…

Ал әкім басқаша „сайрайды„…

Ашынған ел түсіру тобымен бірге округ әкіміне бір-ақ барды. „Халық жиналды„ деген хатшының хабарынан соң, жұмысына жеткен әкім, әдеттегіше, уәдені тағы үйіп-төкті. Әкімгің айтуынша, бұл арада алып бара жатқан ештеңе жоқ, барлығы бақылауда. Округтің ауыз суын тартуға 544 миллион теңге қарастырылған. Оның қалған 130 миллион теңгесі берілсе, былтыр шала қалған жұмыстар биыл бітуі тиіс екен.

«Былай қарай аудандық ЖКХА қарау керек. Ол өзінің өкілін қойған уақытысында ЭНЕРГОСБЫТ-қа ақшасын төлеп тұру үшін. Балансқа өтпегендіктен сондай тариф болып тұр. Мектепке 1.7 гр жер телімі бөлінген. Мемлекеттік актісі алынған. Біз енді білім бөліміне де, облысқа да бәріне тапсырыс бердік»,

  – деді Талғар ауданы Қайнар ауылдық округінің әкімі, Жандос Ясинов.

Халықтың зары анандай болса, тілшілер барған әкімнің бар айтқаны осы ғана…

Жетер енді…

Әкімдіктен әбден көңілі қалған айғанымдықтар өзін Іле ауданына өткізуді сұрайды. Иә, мұндағы жұрттың қазір бір-ақ тілегі бар. Әкімдікті ауыстырса дейді. Ондағы ойы – сонда мүшкіл күйіміз жөнделер деген.

Негізінен, бұл ауыл тура Іле ауданының іргесінде тұр. Бірақ құжат бойынша Талғар ауданына қаратып қойған. Құжат жөндетіп, ауданға бару үшін айғанымдықтар 3 автобусқа отырады. 25-30 шақырымдық жер. Ал Іле ауданының орталығы 3 шақырымда тұр, тура іргеде…

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз