Батыс Қазақстан облысында киіктің текесін атып алған ауыл тұрғыны ұсталды.
Бұл туралы облыстық аң аулауға қарсы мекеменің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазталов ауданындағы Әжібай ауылының тұрғыны жеңіл көлігімен дала кезіп жүргенде инспекторлар назарына іліккен. Күдіктінің көлігін тінту барысында жаңа атып алынған киік табылды.
Жалпы, жыл басынан бері заңсыз киік аулау мен дала еркесінің мүйізін тасымалдауға қатысты 14 қылмыстық іс қозғалған. Ішкі істер органдары қызметкерлерімен 139 бас киіктің заңсыз атып алынғаны анықталды. Қаскөйлерден барлығы 186 дана киік мүйізі тәркіленіпті.
– 2017 жылы 2-маусымда Қазталов тірек пунктінің инспекторлары далада жұмыстарын атқарып жүрген кезінде Volkswagen автокөлігі тоқтатылып, ішінен бір дана киік аталығы табылды. Барлық материалдар жинақталып, Қазталов аудандық ішкі істер бөліміне тапсырылып, адамның өзі ішкі істер бөліміне жеткізілді. Қазіргі таңда қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.