Халықаралық нарықта мұнай қымбаттап, доллар әлсіреуде. Ал теңге, керісінше күш алуда.
Алдағы күндері де Қазақстанда доллар арзандап, оның құны 300 теңгеге барып қалады деп болжайды Альпари агенттігінің сарапшысы. Бұл туралы Zakon.kz хабарлады.
“Қор биржасы дәлізіндегілер АҚШ доллары осы арынымен 300 теңгеге дейін түседі деп айтылып жатыр.
Олай болуы да ғажап емес. Бірақ жағдайдың күрт өзгеруі де әбден ықтимал. Бұл халықаралық нарықтағы мұнай бағасына тікелей қатысты. Әзірге, ол көтеріліп келеді. Тек түспесе болғаны”, – дейді Альпари қаржы институтының аға сарапшысы Анна Бодрова.
Оның айтуынша, мұнай бағасы қатты құбылып тұрғанына қарамастан орташа сауда-саттық көлемі бойынша 55-57,50 доллар аумағында сақталып тұр. ОПЕК келісімшартта көрсетілгендей, мұнай өндірісін тәулігіне 1,4 млн баррелге дейін азайтты. Әрине, ол өз кезегінде мұнайдың күрт қымбаттауына әкелді, бірақ шарықтаған баға қазір орташа деңгейін тауып, тұрақтады.
“Алдағы аптада АҚШ доллары 320,55-322,85 теңге көлемінде саудалана беретін болады. Евро болса, 342,50-346,50 теңгеге сатылады”, – дейді ол.