Тасқыннан зардап шеккендердің ешқайсысы назардан тыс қалмайды. Барлығына көмек көрсетіледі!
Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов осылай деп мәлімдеді. Бұл туралы “Хабар-24” телеарнасы хабарлады.
Бастапқы болжам бойынша өңірге көктемгі су тасқынының әкелген зардабы 200 миллион теңге шамасында. Қазір арнайы екі жұмыс комиссиясы құрылған. Оның бірі су басқан үйлердің шығынын бағаласа, екіншісі малдың өлім-жітімін есепке алып жатыр.
Архимед Мұхамбетов, Қостанай облысының әкімі:
– 10 елді-мекенде бүгінде 17 ірі қара, 74 ұсақ мал, 200-ден астам шошқа, 600-дей үй құсының шығыны болғаны анықталып отыр. Нарықтық бағамен алғанда, бұл – 7 миллион 300 мың теңге. Оның бәрі өтеледі. Алдағы дүйсенбіден төлей бастаймыз. Сондай-ақ бастапқы есеп бойынша 12 үйге күрделі жөндеу жүргізіліп, 5 үй ысырылып тастап, жаңадан салынады.