Санкт-Петербург қаласында қазақстандық Фируза Шарипова (8-1, 4 КО) мен ресейлік Юлия Куценко (7-0-1, 3 КО) басты жекпе-жегінде жұдырықтасқан бокс кеші аяқталды.
WIBA, WBU, IBO Championship және WBC Silver белбеулерінің иегері қазақстандық боксшы қыз қарсыласы Куценконы кәсіби бокстағы алғашқы жеңілісіне ұшыратты. 10 раундқа созылған жекпе-жек төрешілердің шешімімен қазақстандықтың пайдасына шешілді.
Тағы бір айта кетерлігі, бұл бокс кешінде Фирузадан бөлек тағы бірқатар қазақстандық боксшы кезекті жекпе-жектерін өткізді.
Атап айтар болсақ, алдымен Мұхит Амантаев кәсіби бокстағы дебюттік жекпе-жегінде жеңіске жетті. Одан кейін тағы бір отандасымыз Жантіл Өмірбай қарсыласын бірінші раундта нокаутқа түсірді. Қазақстандық белгілі нокаутшы Али Балоев бұл жолы да кездесуді мерзімінен бұрын аяқтады. Виктор Коточигов тайланд елінің тәжірибелі боксшысы Аеккаве Каевманиді (16-10, 6 КО) төртінші раундта нокаутқа түсірді.