Нұр-Сұлтан
Қазір
2
Ертең
1
USD
450
-0.49
EUR
487
-1.57
RUB
4.86
0.00

Қазақстандағы өзге ұлттар неге «қазақ» болудан қашады?

633

Өз заманында арыстанша ақырған ғұндарды, күнше күркіреген түріктерді іштен іріте отырып, бәрін болмаса да жартысын Қытайдың жұтып қойғаны белгілі.

Орыс патшасының отарлау саясатының құрбаны болған Сібірдегі қаншама ұсақ ұлттар дінінен, тілінен айырылды. Сөйтіп, орысқа сіңіп кетті. Тіпті, аты-жөндеріне дейін өзгертті.

Бүгінде 32 миллионға жетіп отырған өзбектер де өзге ұлтты «алашапанды» етуге келгенде, өте белсенді екенін білеміз. Ал шындығында,

өзбек құжатымен жүргендердің арғы тегін ақтарсаңыз, олардың, шамамен, 25-30 пайызы тәжік, 10-15 пайызы қазақ болып шыға келеді.

Бірақ олардың бәрі өзбекке тастай батып, судай сіңіп кеткендер. «Өзбекпін» деп емпең қағады. Міне, өзгені жұта отырып, әлеуетті күшке айналудың бір қыры.

Қазақ неге «тәбетсіз» халық?

Осы орайда, қазақ неге «тәбетсіз» деген ой қылаң береді. Расында, неге? Әйтпесе, жүз отыздан астам ұлт өкілдері өмір сүріп жатқан мемлекет емеспіз бе? Бәрін болмаса да біразын қазақ атандырып жіберуге шамамыз бар емес пе еді?

Қалай десек те,

өз жерімізде басымдыққа ие ұлтпыз. Бірақ азын-аулақ өзге ұлт өкілдерін өзімізге неге сіңіре алмай отырмыз?

Кінә саясатта емес, қазақтың өзінде ме?

Саясатқа дау айта алмаймыз. Өйткені Қазақстанда ешқандай ұлтқа басымдық бермей, бәрін тең ұстау керек деген ұстаным бар. Дұрыс. Тіпті, өзге ұлт өкілдерінің мәдениетін, тілін-дінін дамытуға рұқсат етілген. Арнайы орталықтар жұмыс істеуде. Кінә саясатта емес, өзіміздің қарсыздығымызда жатқан секілді.

Біріншіден, өз әдет-ғұрпымызға, салт-дәстүрімізге өткеннің сарқыншағы деп, менсінбей қарайтынымыз. Екіншіден, қазақ және орыстілді болып, екіге бөліну. Ана тілімізге үшінші сорттағы тіл (орыс, ағылшын тілінен кейін) ретінде қарауымыз. Қазақ тіліне деген сұранысты қалыптастырмадық. Мәжбүрлеп үйретуге де шамамыз келмеді.

Мұндай жағдайда өзге ұлтты өзімізге сіңіру мүмкін бе? Әрине, жоқ.

Керісінше, біз өзге ұлттың жемсауына түсіп бара жатқандаймыз ба, қалай?

Рулық жүйеден арылу қажет!

Серік Жанболат

Осы мәселені, яғни, «үлкен қазақ» мәселесін көтеріп жүргендер көп. Журналист Серік Жанболат осы жөніндегі ойын Фейсбук парақшасында былай деп көрсеткен.

«Қазақстанда тұратын бірқатар ұлт өкілдері қазақ боп жазылып-ақ кеткісі келеді. Бірақ, руымды сұрап масқарамды шығара ма деп жүрексінеді. Қазақпын деген адамның жетпіс жеті атасына дейін тергейтініміз шындық қой.«Жеті атасын білмеген – жетесіз» деп мұрын шүйіру бізге бұйым емес.

Еріксіз қазақтың «шатасы» болғанша, өз ұлтымның баласы болып жүре берейін дейді.

Ақиқатын айтайықшы, мемлекеттік амбициясы бар ұлт рулық жүйемен өмір сүруге тиіс пе? Ассимиляцияға не біз түсіреміз, не бізді түсіреді. Басқаша болмайтын тәрізді.

Біз күндегі тірлігімізден гөрі кеңдеу, бүгінімізден гөрі алыстау, түйгенімізден гөрі тереңдеу көретін уақытқа жетіп қалған жоқпыз ба? Мықты ұлт қана өзгені ассимиляцияға түсіре алады деп, тұжыратын заманға жетіп отырмыз. Оған жету, қазақтың өзі қырық пышақ болып құрбандыққа түсіп кетпеу үшін бір нәрсені құрбандыққа шалу керек. Ол құрбанымыз – рулық жүйе ме деймін?

Ал, «у ішсем, руыммен» дейтін ағайын, не айтасыз?»,

дейді ол.

Нұрлан Сейдін, саясаттанушы:

Біз 70 жылдың үстінде кеңестік отарлау саясатының шеңберінде өмір сүрдік. Содан болар, өз ана тілімізді дұрыс білмейтін буын өсіп шықты. Олар қазақтың тарихына, мәдениетіне, тіліне, дініне осқырына қарады. Түрі қазақ болғанымен жан дүниесі, болмысы өзге болып қалыптасты. Бұл әлі де жалғасуда.

Міне, тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасыр болса да, әлі күнге бойымызды дұрыс түзей алмай жатырмыз. Ең бірінші, біз өзімізді өзіміз жөнге салуымыз керек. Яғни, бәріміз қазақша ойлайтын, қазақша сөйлейтін кезге келуге тиіспіз. Демографияға басымдық беру керек.

Қазақстанда қазақ үлкен басымдыққа ие болатын күнге жеткенде, көп мәселе өз-өзінен шешіліп сала береді. Сол кезде ғана біз өзге ұлтты, соның ішінде, түркі тілдес ұлттарды сіңіруге мүмкіндік аламыз.

Ал осы қалпы, жартысы қазақ тілінде, жартысы өзге тілде сөйлейтін қазақ болып жүре беретін болсақ, өзгені былай қойғанда, мына өзбекке қызыға да қызғана қарап, өмірден өтеріміз анық.

Құрманғали Даркенов, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор:

Ұлттық мүддені ескермеу мен оған нұқсан келтіру ұлтаралық қатынастағы тұрақтылыққа, өзара құрмет пен сенімге сызат түсіреді.

Кезінде австриялық ғалымдар Реннер мен Бауэр

«…егер біз ұлт дегеніміздің не екендігіне толық жауап бергіміз келсе, оның негізгі басты компоненттерін білуіміз қажет. Ұлт дегеніміз – тілдің бірлігі, территорияның тұтастығы, экономикалық өмірдің жақындығы, әдет-ғұрып пен мәдениеттің ортақтығы негізінде құрылған адамдардың қауымдастығы» деп,

«осы аталған ұлтты құрайтын негізгі компоненттердің бірі жойылса, ол белгілі бір тарихи кеңістікте ұлттың жойылуының басы», деп ерекше тоқталды.

Міне, аталған факторлар: тіл, территория, жер, әдет-ғұрып қазақстандықтарды өзара жақындастырып біріктіруі қажет еді.

Бірақ, бүгінгі күні бір ғана тілдің қолданыс аясының кеңеймеуі, қазақтардың бір бөлігінің өз ана тілін білмеуі, билік жүйесінде формалды түрде ғана қолданылуы, басқа этностардың тілді меңгерудегі инерттілігі, пассивтігі біртұтас, монолитті ұлт болуға кедергі жасап отырғаны да шындық.

Ал бұл мәселе шешілмей, қазақтың өзге ұлттарды өзіне сіңіру үрдісі жүре қоймасы анық.

Досжан Дарханбай

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз