Мемлекеттік комиссияның шешімімен премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен 5 шілдеден бастап Қазақстанда 14 күн мерзімге бірқатар қосымша шектеулер енгізіледі.
Сұлулық салондары, шаштараз, спорт залдары, фитнес орталықтар, бассейндер, азық-түлік және азық-түліктік емес жабық базарлар, жағажайлар, аквапарктер, мәдениет нысандары, музейлер, көрмелер, форумдар, конференциялар және өзге де ұйымдастырылған бұқаралық іс-шаралар, ойын-сауық орталықтары, мектепке дейінгі балалар мекемелері (кезекші топтардан басқа), діни нысандар және ойын-сауық орталықтары, караоке, бильярд, компьютер клубтары, боулинг орталықтары, кинотеатрлар, балаларды сауықтыру лагерлері, фудкорттар, банкет залдарының қызметі уақытша тоқтатылады.
Мемлекеттік органдардың (ұйымдардың), кеңселердің, ұлттық компаниялардың және өзге де ұйымдардың қызметкерлерінің кемінде 80 пайызы қашықтан жұмыс істейді.
Медициналық орындар алдын ала жазылу тәртібі бойынша жұмыс жасайды. Дәріханалардың, азық-түлік дүкендерінің, ашық базарлардың қызметі сақталады.
Күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, мынадай нысандардың қызметі сақталады: ашық ауада қоғамдық тамақтану нысандары; үздіксіз өндірістік айналымы бар құрылыс, өнеркәсіп кәсіпорындары; ашық ауадағы құрылыс жұмыстары; ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы және мал шаруашылығы жұмыстары; халыққа қызмет көрсету салалары, оның ішінде авто жуу, автомобильдерді және тұрмыстық техниканы жөндеу, ХҚКО-лар, екінші деңгейлі банктер (уақыт бойынша шектеле отырып).
Хабарламада аталған карантин шектеулер эпидемиологиялық жағдайға байланысты 2 аптаға ұзаруы немесе күшейтілуі мүмкін екені айтылған.