Нұр-Сұлтан
Қазір
8
Ертең
20
USD
447
-0.91
EUR
476
-2.17
RUB
4.79
+0.03

Қазақстанда бірқатар шағын қала ауылға айналуы мүмкін – депутат

Депутаттың айтуынша, екі жыл бұрын Үкіметке демографиялық жағдайы төмен шаһарлардың мәртебесін ауылдық елді-мекенге ауыстыру туралы депутаттық сауал жолданған. Бүгінде ресми жауап әзірленіп жатыр. Бірқатар өңірде шағын қалалар мен ауылдар арасындағы айырмашылық жер мен көктей деуге келмейді.

«Әсіресе, халық саны аз және әлеуметтік саласы мен өнеркәсібі кенжелеп қалған қалашықтарда жергілікті мамандар жалақысына қосымша 25 пайыз ақы алу құқығынан айырылып отыр», – дейді Мәжіліс депутаты Кәрібай Мұсырман.

Кәрібай Мұсырман, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Мәртебесіне сәйкес келмейтін шағын қалаларды мұғалімдер дәрігерлер бәрі де ауылдағыдай тұрмыс кешуде. Бірақ олар ауылда тұратын әріптестері алып отырған 25 пайыздық қосымша ақыны алып отырған жоқ. Мұның өзін әлеуметтік әділдік деп айту қиын.

«Мәселен, Ақтөбе облысының Темір және Жем қалаларында небәрі 2 мыңға жуық адам тұрады», – дейді депутат.

Осындай жерлерді ауылдық елді мекенге айналдыру туралы депутаттық сауал 2016 жылы Үкіметке жолданған. Оған берілген ресми жауапта арнайы ғылыми зерттеулер жүргізу керектігі айтылыпты. Артынша, Ұлттық экономика министрлігі Экономикалық зерттеулер институтымен бірлесе зерттеу жұмыстарына көшті.

Кәрібай Мұсырман, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Экономикалық зерттеулер институты шағын қалаларды ауылдық елді мекендерге айналдыру арқылы оларды ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге мамандандырып, олардың дамуына жаңа серпін беруді ұсынып отыр.

Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде депутаттық сауалдың өзектілігін растайтын қорытынды жарияланды. Осыған байланысты, бүгінде Премьер-министрге екінші депутаттық сауал жолданды. Үкіметтің бүгінгі отырысында да осы сұрақ қаралуы бек мүмкін.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз