Қарағандыда кәріз желілері кешенді жаңарту кезеңінен өтуде. Бұл жұмыстар «Инвестиция орнына тариф» бағдарламасы аясында қолға алынған 31 жоба аясында жүзеге асырылып жатыр. Қайта жаңарту барысында заманауи – қирату әдісімен жүргізілетін траншеясыз технологияға басымдық берілді.
Бұл әдіс көшелерді қазбай, жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді. 2025 жылы бекітілген инвестициялық бағдарлама аясында 18 шақырымға жуық кәріз желісі жөнделіп, тозығы жеткен құбырлар толық ауыстырылды.
«Біз тек тозған құбырларды ауыстырып қана қоймай, өткен ғасырдың 50-жылдары салынған аудандардың инженерлік желілерін кезең-кезеңімен жаңартып жатырмыз. Жаңа технология жер қазбай, тек екі құдықтың арасынан жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Сол себепті асфальт пен жаяу жүргіншілер жолдарына зиян келмейді», – деді «Қарағанды Су» ЖШС-нің күрделі құрылыс және жобалау бөлімінің басшысы Қайрат Жұмабеков.
Компания басшысы Ербол Төлеуовтың айтуынша, бұл әдіс құрылыс қарқынын арттырып, қала тұрғындары үшін қолайсыздықты азайтады.
«Биылғы жұмыстардың басты бағыты су бұру жүйесін жаңарту. Кәріз жүйесіне қатысты 31, ал сумен қамту бойынша 11 жоба іске асырылуда. Өйткені, кәріз желілерінің тозу деңгейі 83%-ға дейін жетіп отыр, бұл су құбырларына қарағанда әлдеқайда жоғары», – деді Ербол Төлеуов.
Бүгінгі күнге дейін кәріз желілерінің 18 шақырымының 2,4 шақырымы, ал су құбырларының 16,5 шақырымының 5,3 шақырымы жөнделді. Жұмыстар кестеге сай жүргізілуде.
Бұдан бөлек, №2 сорғы станциясы қайта жаңартылып жатыр. Бұл жерде жиілікті түрлендіргіштер орнатылып, тарату желісі толығымен жаңартылмақ. Бұл энергия тұтынуды азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жақын арада №13 КСЖ-де жөндеу жұмыстары басталады.
2026–2030 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламада да су бұру жүйесіне баса назар аударылмақ. Себебі дәл осы салада инфрақұрылымды түбегейлі жаңарту қажет.