Нұр-Сұлтан
Қазір
22
Ертең
20
USD
447
-0.91
EUR
476
-2.17
RUB
4.79
+0.03

«Кетті, ит болып келді. Күйеуімді кешірейін бе?»

Күйеуім аса жаман адам емес. Жылы-жылы сөйлеген сөздері кез-келген жанның жүрегін ерітері анық. Және өте пысық. Еңбекқор, ақша тапқыш. Келін болғалы бірнеше жылдан бері бірінің артынан бірін топырлатып үш ұл, бір қыз тудым. Күнде бала-шағамызбен у-шу, кішкентайымыздың былдырлағанын қызықтап, теледидар көріп отыратынбыз. Сондай күндердің бірінде күйеуімнің мінезі өзгеріп бастады. Бірдеңе сұрасам дүңк ете түседі, “е қойшы-ей” деген сияқты сөздермен қайтарып тастайтынды шығарды. Айрандай ұйып отырған отбасымыздың берекесі мен қызығы қашты да кетті.

Ауыл үлкен болғанымен елдің бәрі бір-бірін жақсы таниды, туыс-тамыр, дос-жарандар көп. Өсек жатпайды. Бір күні көрші абысын келіншек келіп, маған бір сыбыс айтты. Күйеуімнің бір жесір келіншекпен көңіл қосып жүргенін, күнара соның үйіне кіріп бара жатқанын көргендер бар екенін жеткізді. Пәленбай бала туып, ата-енеммен бірге тұруға келіскен, осы үйдің отынымен кіріп, күлімен шығатын менің не нәрсеге де толық қақымның бар екенін ескере отырып, бүйіріме қолымды тіреп алып, айқай шығардым. Бірақ, адуынымды күйеуім бір соққымен-ақ басып салды. Оған қарамастан ертесінде тағы ұрыс шығардым. Осылайша бірнеше рет қырылып, ұрсыстық. Ұрсыстың арты төбелес. Арамызға енем, атам түсіп барып басылатынбыз. Бір сөзбен айтқанда қанша шындықты білгім келсе де, күйеуім мойындамады. Енеме айтсам, “еркек жүреді, жүреді, қазығын табады, үндеме, шыда”, дейді. Қалай шыдаймын? Қызғаныштың күйігінен ішім өртеніп кете жаздайтын.

Осылайша менің күйеуім ақыры әлгі әйелге кетіп тынды. Сөйтіп ол екеуі аудан орталығына, мен ата-енемнен рұқсат алып, балаларыммен Шымкенттің іргесіндегі әпкемнің жалға беріп отырған үйіне көшіп кеттім. Көп жыладым, күйігім ішіме сыймай, арақ ішетінді шығардым. Бірақ жұмыстан соң. Балалар ұйықтаған соң, ешкім көрмейтіндей, үйде, түнде ішетінмін. Күнде жұмыстан бір бөтелке қолтықтай келемін. Сөйтіп жүріп арақсыз өмір сүре алмайтын болғанымды білмей қалдым. Құрдымға батып бара жатқанымды әпкем байқап, ауруханаға жатқызып, емдетті. Бірнеше ай наркологияда емделіп шыққан соң жұмысымды жалғастырып, еңсемді тіктей бастадым. Ақырындап жұрт қатарына қосылып, өткенімді ұмытып, балаларым үшін өмір сүре бастадым. Осылайша екі жыл өтті.

Бір күні күйеуім келіп, аяғыма жығылып, кешірім сұрай бастады. Кеудемде қатып қалған тоң жібімей қойды. Бірақ, ағайын-туыс келіп, кешірімімді тілеп, сұрай бастағасын, бұрынғы күйеуімді босағама кіргіздім. Әлгі әйелі әлдеқайда бай еркекке кетіп қалыпты. Екеуіміз бір бөлмеде жатқанымызбен, бөлек ұйықтаймыз. Ол да бұрынғыдай батыл емес, күнәсінен қуыстана ма, әйтеуір сағы сынық. Дегенмен, ата-енемнің үйіне, үлкен шаңыраққа жүр дейді. Мен кейде жаным ашып, жылырақ сөйлейін десем, бәрібір дауысым қаттырақ, зілді шығып кетеді. Қазір міне, осылайша ортақ балалары бар, бірақ екі бөтен адам бір шаңырақтың астында өмір сүріп жүрміз.

Мен оны кешірейін бе? Үлкен үйге қайта барайын ба? Сынған ыдыс қайта бүтін бола ала ма? Басым қатты…».

Аяжан Төрехан

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз