Нұр-Сұлтан
Қазір
2
Ертең
13
USD
444
0.00
EUR
476
0.00
RUB
4.82
0.00

Карантинде ойын-сауық мекемелерінің 45%-ы тақырға отырды — рестораторлар клубы

133

Қазақстанда енгізілген төтенше жағдай режимі мен кейінгі карантиндік шаралар  ойын-сауық саласындағы бизнестерді күн көріс қаражатынан айырды.

25 мамырдан бастап дәмханалар, барлар мен мейрамханалар жазғы алаңдарды ашып мен азық-түлік жеткізу үшін жұмыс істесе де айтарлықтай пайда көрмеді.

Тамақтану және ойын-сауық саласында жұмыс істейтін барлық персоналдың кем дегенде 60%-ы жұмыссыз қалды

Даяшылар қайда кетті? Қай мекемелер қиындықты жеңе білді? Ойын-сауық саласындағы бизнесті қалпына келтіру үшін не себепті кем дегенде үш жыл қажет болатынын Қазақстан рестораторлар клубы қауымдастығының президенті Гүлнара Катибаева айтып берді.

Қаржылық шығындар

— Карантинге дейін республикада шамамен 16 мың мекеме жұмыс істеді, — дейді Гүлнар Катибаева. — Мен кафе, мейрамхана, бар, караоке-клуб, бильярд бөлмелері, кинотеатрлар мен СОО жанындағы фудкорттар туралы айтып отырмын. Олардың әрқайсысында орта есеппен 50 жұмыс орны болды. Бір жерде көп, бір жерде аз. Бірақ карантинге дейінгі кезеңде сала республика бойынша шамамен 800 мың адамды жұмыспен қамтыды. Онда бизнес иелері, аспаздар, даяшылар және техникалық қызметкерлер де бар. Яғни, карантин жарияланған кезде біздің салада дәл сонша адам жұмыссыз қалды.

— Ақшалай, кадрлық шығындар қандай көлемде?

— Ақшаға шаққанда караокелер қанша жоғалтқанын нақты айта аламын. Олардың алдын ала есептеулері бойынша, наурыз айында жабылғаннан бері 20 млрд теңгеден астам шығын келген.

«Кинопарк» және «Киноплекс» сияқты кинотеатрлардың ірі желісінің  фудкорттары 7 млрд теңгеге жуық жоғалтты

Түнгі клуб, тойхана, бильярд бөлмелері, басқа да азық-түлік корттары әлі толық мәлімет берген жоқ, бірақ онда шығын сомасы да ондаған миллиард теңгеге жететіні анық. Бұл желілер ойын-сауық саласындағы қызметкерлердің жалпы санының шамамен 60%-ын жұмыспен қамтып келген еді. Уақытша қызметі тоқтағандықтан, штатты қысқартуға мәжбүр. Егер  40 адамнан тұратын мейрамхана алсақ, рұқсат алғаннан кейін жұмысқа тек 10 адам шыға алды. Қызметкерлердің төрттен үш бөлігі сыртта қалғаны түсінікті.

Барлығы кадрларға байланысты

— Бұл адамдар қазір қайда жұмыс істейді? Шектеулер жеңілдетіліп,  мекемелер ашылғаннан кейін олар ұжымын қайта жинай алды ма?

— Ірі сауда желілеріне кеткен жігіттер бар. Бұрын мен сатушылар, кассирлер, сатушылардың көмекшілері және т.б. көбі қалалық емес жастардың өкілдері екенін жиі байқайтынмын. Енді мен онда барлық жастағы, соның ішінде зейнеткерлікке жақын азаматтарды жиі кездестіремін. Себебі, карантинге дейін басқа қызмет салаларында жұмыс істейтін білімді адамдар осы салаға жұмысқа орналаса бастады.

Мейрамхана бизнесінің көптеген қызметкерлері жабылғаннан кейін такси қызметіне кетті

Мені бір жолы ғылыми дәрежесі бар болса да жалақысы төмендегеннен кейін қосымша табыс көзін іздеуге мәжбүр болған бір жігіт жеткізіп тастады. Қазір даяшылар, аспазшылар, әкімшілер, тіпті мейрамханалардың менеджерлері такси жүргізушісі қызметіне ауысқан.

— Карантиннен кейін қанша мекеме жабылды?

— Пайыздық қатынаста олардың 55%-ы ғана аяққа тұра алды. Бірақ ешқандай пайда таппай жұмыс істеуде. 45%-ы толығымен жабылды. Өкінішке орай, жабық тамақтану орындарының нақты санын көрсету мүмкін емес. Мысалы, әлеуметтік желілердегі мониторинг бойынша Алматыда осындай 6 мыңға жуық орын бар.

Бірақ ресми түрде мемлекеттік кірістер департаментінде тек 3,5 мың мекеме тіркелген. Олардың 40%-дан астамы жабылып қалды

Жалға алынған үй-жайларда жұмыс істеген мекемелер басқаларға қарағанда көбірек зардап шекті. Рестораторлар жалдау ақысын, коммуналдық төлемдер және қызметкерлердің жалақысын кешіктіріп төлеп, миллиондаған қарызға батып жатыр. Барлық ережені сақтап жұмыс істегендер тақырға отырды. Мысалы,

Алматының Бостандық ауданындағы бір шағын кофехана кем дегенде 500 мың теңге айыппұл төледі

Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.

Бүкіл саланың 10-20%-ы емес,  шамамен 50%-ы қайтадан жұмыс істеп кете алмайды.

Техникалық қызметкерлерге сұраныс

— Жабық тамақтану орындарының иелерінің күні қалай?

— Қызметтің басқа саласын таңдады. HoReCa (қызмет көрсету сегменті және сату орнында тауарды тікелей тұтынатын тауарларды сату арнасы — ред.) жүйесінде жұмыс істейтін иелердің арасында басқа бизнесі бар адамдар болды. Мекемелерін жауып, енді олар өздерінің негізгі бизнесімен айналысады.

— Қатаң карантин алынғаннан кейін такси мен сауда желілеріне жұмысқа кеткен қызметкерлер қайтып орала ма? Әлде мекемелер қызметкерлерді жалдауда қиындыққа тап бола ма?

— Егер мысал ретінде карантинге дейінгі танымал және табысты сыра желілерінің бірін алсақ, қазір бұл мекеме демалысқа жіберілгендердің тек 30%-ын жұмысқа шақырды.  Барлығын шақырар еді,  бірақ қызметкердің көбі басқа жұмыс тауып алған.

Әсіресе, техникалық қызметкерлер қатысты мәселеде қиындықтар бар. Тазалау, ыдыс жуу, яғни таза техникалық функциялар бойынша жұмыстардың басым бөлігін Өзбекстаннан, Тәжікстаннан және Қырғызстаннан келгендер орындады. Карантиннің алдында олар өз елдеріне кетті, енді онда жұмыссыз болса да, қайтып келе алмай отыр. Мекемелер қиындықтан шығар жол іздеуде.

Жергілікті техникалық қызметкерлер өз қызметтеріне деген жоғары сұранысты түсініп, бағаны көтерді. Егер бұрын ауысымына ыдыс жуушы немесе еден жуушы 5 мың теңге алса, енді 7-8 мың теңге сұрайды

Себебі жүктеме артты,  жұмыс көлемін бұрынғыдай үш-төрт  емес, бір-екі адам ғана орындайды. Жүктеме өте үлкен. Біздің салада жұмыс істейтіндердің шамамен 40%-ы — жастар. Елестетіп көріңізші, отбасы мен жас балалары бар осындай қызметкерлер карантинде қалай күнін көрді?

Қиындыққа тап болғандарға көмектесу

— Тек қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің ғана емес, сондай-ақ осы қызметтерді тұтынатын адамдардың да кірісі азайды. Келушілердің көлемі бұрынғыдай ма? Мамыр айында жазғы алаңдардың ашылғаны туралы хабарлаған кезде,  кафені сағынған адамдардың бәрі жаппай бара бастағанын көрдік. Карантин мекемелердің бағасы мен пайдасына қалай әсер етті?

— Қарапайым мысал ретінде бір танымал  асхана  желісін алайық. Олар қонақтардың санына қарай тапты. Карантинге дейін үстелдердің айналымы кем дегенде үшке жететін еді. Қазір ол жоқ. Карантин кезінде қонақтар түскі асты өзімен бірге алып жүруге дағдыланып қалды және осылай ақша үнемдеуге болатынын түсінді. Яғни, таңғы ас пен түскі ас дайындайтын мекемелердің келушілері азайды.  Менің барлық таныстарым, достарым және қонақтарымыз толық үнемдеу режіміне көшті.

— Мейрамхана бизнесінде карантинге дейін жұмыс істейтін персоналдың қаншасы жұмысынан айырылып, 42 500 теңге алды?

— Өте аз. Себебі көптеген адам «көлеңкелі» жұмыспен айналысқанды жөн көрді. Біреудің банктердің, басқасының туыстарының алдында қарызы бар. Әрқайсысы қалай да аман қалуға тырысқандықтан, бейресми еңбек қатынастары болды.

Біз қашан да кем дегенде уақытша еңбек шартын жасаңыздар деп кеңес береміз, бұл еңбегініңіздің төленетініне кепілдік береді. Бірақ адамдар саналы түрде заңды айналып өтеді

Карантин кезінде біз қайырымдылықпен айналыстық — Алматы дәрігерлерін тамақтандырдық.  Күн сайын 1 300 дәрігер рестораторлар клубынан ыстық тамақ алды. Бірде бізге ақша таппай отырғандықтан әйелі ақша тап деп үйден  қуып жіберген бір даяшы келді.

Ол үйінде үш баланы тамақтандыруға жететін азық-түлік қалғанын айтты

Біз оған азық-түлік түрінде көмек бердік. Кейіннен біз вирусқа қарсы күресте алдыңғы қатарда жүрген дәрігерлерді тамақтандырып жатқанда, өз қызметкерлеріміз бен олардың отбасылары аштықтан отыр ғой деп ойланып, мұқтаждардың тізімін жинай бастадық. Нәтижесінде біз 5 мың отбасын азық-түлікпен қамтамасыз еттік.

Қиындықтан шығар жол

— Жағдай қай сәтте жақсарды? Мамыр айында жазғы алаңдардың ашылуына қашан рұқсат етілгенде ме,  әлде  мекемелерге ішіне отыруға рұқсат берген кезде ме?

— Жазғы алаңдардың ашылуы барлығының бірдей жағдайын жақсартқан жоқ. Жазғы алаңдардың барлық жерде жоқ екені белгілі болған кезде, Алматы әкімі жаяу жүргіншілердің қозғалысына кедергі келтірмей, тротуарларға үстел қоюға рұқсат берді. Ал тротуарлар кез келген жерде кең бола бермейді. Сондықтан Алматыда мейрамхана үстелдерін қоятын бос орын табу қиынға соқты.

Нұр-Сұлтанда үнемі қатты жел соғып тұратындықтан, жазғы алаңдар мен тротуарлар ешқандай нәтиже бермеді. Шымкент, Тараз, Қызылорда бұл рұқсатты пайдаларына асыра білді. Онда әкімдіктер Алматының үлгісімен кафелерге тротуарларда орындар ашуға мүмкіндік берді.

Бірақ бәрі бас санитарлық дәрігерлердің шешіміне байланысты болды.

— Қай өңірде жұмыс істеу қиын болды?

— Вирус жұқтырғандардың саны бойынша көшбасшы болған Алматы мен Шымкентте жұмыс істеу қиынырақ болды. Алайда

өңірлік әкімдіктердің кәсіпкерлік департаменттері саланы біржолға құрдымға кетірмес үшін біршама жеңілдіктер жасауға тырысты

Мысалы, жеткізуге жұмыс істеуге рұқсат етілді. Тіпті ешқашан тамақ жеткізбеген кафелер де бұл тәжірибені игеруге мәжбүр болды. Бізде рестораторлар клубының ортақ чаттары бар. Біз қалаларда жеткізу тобын құрып, жұмыс істеуге қатысты кеңес беруге тырыстық.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз