Алматы облысындағы су қоймасында екі бала суға кетті. Ата-анасының қарауынсыз қалған екі жасөспірім су айдынының жанында, демалуға жабдықталмаған жерде болған. Абайсыз әрекет салдарынан олар суға құлап кеткен. Оқиға орнына бірден құтқарушылар жетіп, судан екі баланың денесін алып шыққан, деп хабарлайды “Астана” телеарнасы.
Балалар мамырдың 8-і күні ауыл маңындағы осы су қоймасына келген. Жолдың бойына киімі мен велосипедін қалдырыпты. Артынша суға түскен, бірақ өкінішке қарай жағаға қайтып шыға алмаған.
«Жұбайым жұмыстан қайтып келе жатып жолдан 3 баланың велосипедті тым жылдам теуіп келе жатқанын көрген. Сол уақытта балалардың суға кеткені туралы хабарлама келді. Менің ойымша ол жерде 3-4 бала болған. Олар қорыққаннан қашып кеткен секілді. Себебі видеода 3 велосипедті көрдік, бірақ кейін тек 1 велосипед пен киімдердің тұрғанын қайта жіберді», – дейді Өстемір ауылының тұрғыны Галина Миролюбова.
Қаза болған балалардың бірі сегізінші, екіншісі 9-сыныпта оқыған. Оқиға болған күні оқушылар мектепке бармаған.
«Сабаққа ол күні келген жоқ. Сынып жетекшісі Рауна апайымыз хабарласқан, ата-анасымен сөйлескен. Бала енді өзі келгісі келмеді ма, келмей қалды ма білмедім енді», – дейді №47 мектептің директоры Қуанбек Кенжеханов.
Екі жасөспірімнің суға кеткені кешкі сағат жетілер шамасында белгілі болған.
«Оқиға орнына Алматы облысының төтенше жағдай департаментінің күштері мен құралдары жіберілді. Іздесу, құтқару жұмыстары барысында 2 жасөспірімнің денесі судан шығарылды», – дейді Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Әйгерім Қаныбекқызы.
Төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарды су айдындарында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға және балаларды қараусыз қалдырмауға шақырады.