Нұр-Сұлтан
Қазір
18
Ертең
19
USD
521
0.00
EUR
610
0.00
RUB
6.68
0.00

«Пейіш. Жұмақ ананың табанының астында»: «Фильмді көрген соң, анама хабарластым деген көрермендер толқытты»

Картина әр көрерменнің жан дүниесінен орын алады. Ол адам бойынан табылатын махаббат, мейірімділік, қайырымдылық, алаңдаушылық, қамқорлық пен жанашырлық тәрізді сезімдер мен құндылықтаржиынтығынан құралғандай.

Мұхаммед пайғамбардың «Жұмақ ананың табанының астында» деген сөзі (хадис) ислам дәстүрінде де анаға деген сый-құрмет пен қамқорлықтың орасан зор маңызын көрсетеді. Ал басты рөлде ойнаған ЭмильЭсеналиев үшін бұл сөз айрықша маңызға ие.

Эмиль айрықша сұхбатында уақыт өте келе бұл оқиғаның өзі үшін қалай өзгеріске ұшырағаны, кейіпкерінің ішкі жан дүниесінің қандай екендігі,мәдениеті мен тіліне қарамастан, көремен көңілінен шыққаны жайлы айтып берді.

– Эмиль, «Пейіш. Жұмақ ананың табанының астында» картинасының жалғасының шығуымен құттықтаймыз. Түсірілімнен кейін біраз уақыт өтті, сіз үшін бұл кино не жайында екенін айтасыз ба?

 

Көп рақмет! Шынымды айтсам, бұл оқиғаны бұрынғыдан да қатты сезінемін.Түсірілім кезінде жұмыс, міндеттер деп уақытың болмайды, кейін, өзіңмен-өзің оңаша қалғанда барлығын жүрегіңмен сезінесің. Әсіресе, өмірдің мәні болатын тақырыптар жайлы фильмдерге түскен кезде еріксіз өзгересің, мінез-құлқыңды дұрыстайсың, ерік-жігеріңді шыңдайсың, адамдарға, жалпы өмірге деген көзқарасыңды өзгертесің. Мұндай жобалардакейіпкермен бірге өмір сүресің, өзің үшін нағыз сабақаларлық жағдай болады. Картина шынайы өмірдің ерекше көрінісіне айналады. Осы оқиғаның ішінде жүріп өз-өзіңді сынақтан өткізесің. Өзіңді басқа қырынан көресің, сезімдерің, өмірге деген сүйіспеншілігің мен адамгершілігіңнің қандай деңгейде екенін ұғасың. Бүгінде мен үшін, бұл – туған-туысқа, адамдарға, өмірге және жалпы барлық тіршілікке деген таза махаббат оқиғасы. Бұл адамның Анаға деген махаббаты, ең жақын, ең қымбатты, ең аяулы жанға деген шүбәсіз махаббат оқиғасы. Ал, ерекше жандар үшін, Ана, бұл – тұтас Әлем.

 

Фильмнің екінші бөлімінде кейіпкеріңіз Әділдің жолын қалай сипаттар едіңіз? Бұл сыртқы саяхат па, әлде жан дүниесіне жол табу ма?

 

Фильмнің екінші бөліміндегі оқиға саяхат жайлы емес, ішкі жан дүниеге жол табу жайлы дер едім. Ең маңызды нәрсенің барлығы сырттан емес, іштен көрініс табады. Бұл жерде Әділ өзінің тірек-таянышынан айырылып қалады, жан ауруын басу үшінбасқаларға көмектеседі, сөйтіп өзін-өзі емдейді. Иә,дұрыс байқадыңыз, Әділ саяхатын жалғастыра береді. Екі картина да бір-бірімен тығыз байланысты, көрермен назарын материалдық та, рухани жолға да аудартады. Өйткені біздің жан дүниеміз өмірде қандай жолды таңдайтынымызға, қандай ой ойлайтынымызға,айналамызда кімдер болатындығына, кім болатындығымызға байланысты болмақ.

 

Сіздің ойыңызша, бұл оқиғада әртүрлі елдің, түрлі мәдениеттің көрермендерін жақындататын ненәрсе?

 

Ол барлығына ортақ, баршасында бар дүние. Бұл – ана, махаббат, жоғалту… Тілге немесе елге байланысты емес. Адамгершілік. Ана – тілге, діни наным-сенімге немесе мәдениетке байланысты болмайтын музыка тәрізді. Ол барлығына ортақ дүние. Кейде біреулер өмірден махаббатты сезінбей өтеді деп жатады, бірақ бұл дұрыс емес. Әр адам анасының арқасында бұл сезімді басынан кешеді. Қандай да бір жағдайларға байланысты анасы жанында болмаса да, оның бейнесі мәңгілік жадында қалады, оны есіне түсірпе алады, жақсы көре алады, қорғай алады. Бұл – әр адам үшін өте маңызды. Ана адамзат өмірінің негізі.

Әділөте нәзік, мінезі күрделі кейіпкер, оны сомдаған кезде қандай қиындықтар туындады?

Ең қиыны – кейіпкерімнің мінез-құлқын өзгертіп,сағын сындырып алмау болды. Әділ – тыныш кейіпкер, оның шындығы да осы тыныштығында еді.

Сіз дамуында ерекшелігі бар адамдардың мінез-құлқы мен бет-қимылын (мимикасын) зерттедіңіз бе? Кейіпкеріңіз екеуіңіз араңыздағы шекараны сезінбей қалған кездер болды ма?

Иә, кейде шекараны сезінбей қалған сәттер болды. Бұл – ойын емес, сен сол сәтте бастан кешкен, сезінген жай-күйің. Актерлік мамандықтың нағыз сиқыры да осында. Алдымен, өз кейіпкеріңнің бетпердесін киесің, кейін, түсіну үшін, көрсету үшін, әр минут сайын, әр сағат сайын ол адамға жақындай түсесің. Бір күні арадағы шекара жоғалып, өзіңді ойнап жатқан кейіпкерің болғаныңды сезінесің. Сол сәттен бастап ойын аяқталады, нағыз өмір басталады. Басқа адамның, менің жағдайымда, даму ерекшелігі бар жанның әлеміне ену, бұл – менің басты міндетім болды. Ал ол міндеттің қаншалықты орындалғанын тек көрермен ғана бағалай алады.

Осы рөлдің арқасында өзіңіз үшін қандай жаңалық аштыңыз?

Адамдарды басқаша сезіне бастадым. Ішкі жан дүнием жұмсарды, бұрын байқамаған нәрселерге басқаша қарай бастадым. Бастысы, бұл өзгерістерге қуандым. Мұндай рөлдерді ойнағаннан кейін, актерлік – жай ғана бейімділік, мамандық емес, өмірдің керемет мектебі екенін ұғасың.

Түсірілімнен кейін дамуында ерекшелігі бар адамдарға деген қарым-қатынасыңыз өзгерді ме?

Менің ойымша, адамдарға деген төзімділігім мен түсінігім артқан тәрізді. Сынауым азайып, қабылдауым көбейді. Бұл дамуында ерекшелігі бар адамдар ғана емес, жалпы барша адамға деген қарым-қатынасымдыөзгертті. Ерекше жандар да біз сияқты адамдар ғой, тек олардың бойында белгілі бір ерекшеліктері ғана бар. Жалпы қайсымыз болсын, бір-бірімізге ұқсамайтын, ерекшеміз. Әр адамның арқасында арқалаған жеке жүгі бар, оның ішінде бастан кешкен тәжірибесі, қиындықтары мен қайғысы, бақытты сәттері мен жеңістері болады. Сондықтан әрқайсымыз өзінше ерекшеміз, кереметпіз. «Біреуді сөз қылып, айыптамас бұрын, оның жүрген жолымен жүріп көр» дейді емес пе, халық даналығы?!

Әділдің ішкі жан дүниесі қалай өзгерді? Бірінші және екінші бөлімде қандай айырмашылық бар?

Екінші бөлімде Әділ жалғыз қалды. Ішкі тыныштығы тереңдей түсті. Оның жаны жаралы, дегенмен, осы жанының жаралығы оның күшіне айналды.

Сіз үшін екінші бөлімде қандай сахналық көрініс ең ауыр және ең әсерлі болды?

Ең ауыр сахналық көрініс – жоғалту көріністері.Мұндай жағдайда ешқайда тығылып қала алмайсың, жан дүниеңнен өткізесің, бастан кешіресің.

Актерге рөлді сомдаған кезде оның өмірін бастан кешіру қаншалықты маңызды? Эмоционалды тұрғыда күйзеліске түсіп кетпеу үшін, шекара қай жерде сақталу керек?

Рөлді сомдағанда кейіпкердің өмірін бастан кешу маңызды, бірақ өзіңді жоғалтып алмауың керек. Кейіпкердің халінен уақытылы шыға білу бұл да мамандықтың бір бөлігі. Біздің мамандығымыздың ең күрделі тұсы да осы дер едім. Өз кейіпкеріңмен біртұтас бейнеге айналған кезіңде өзіңді одан бөліп алу қиын болады. Сен ол сияқты әрекет етіп ғана қоймай, оның сезімдерін сезініп, ол сияқты ойлана да бастайсың. Өзіңе қайтып келуге демалыс, тыныс алу жаттығулары, өз өміріңді ойлау, күнделікті жұмыстар мен жақындарыңа қамқорлық жасау көмектеседі.Саналылықтың мәні де осында болар, бәлкім?! Актер тек өзінің денесі мен дауысын ғана емес, санасын да басқара алуы керек. Бұл оңай шаруа емес. Мұны мамандықтан тыс істеп көріңізші. Сонда қаншалықты қиын екенін түсінесіз.

Руслан Акунмен жұмыс істеу жайлы не дейсіз? Оның режиссер ретіндегі ерекшелігі қандай және сіз үшін бұл жобадағы әріптестік кезінде ең құнды нәрсе не болды?

Руслан Акунмен жұмыс істеу оңай. Ол қысым көрсетпейді, жетекшілік жасайды. Оған сене аласың. Ол түсірілім алаңында әр актер әлсіз болуға, ізденуге, қателесуге, жаңа нәрсені көруге жағдай жасайтын ахуал құра алады. Мен үшін бұл құнды нәрсе, сондықтан осындай сенім болған кезде ғана ең жанды, ең шынайы көріністер туады.

– Эмиль, Әділдің анасының рөлін сомдаған Анар Назарқұловамен бірлескен жұмыс жайлы не дейсіз?

Өте жылы қарым-қатынас деуге болады, кейде рөлді ойнаудың қажеті де жоқ, жанында болсаң жеткілікті. Әр актер үшін сахна алаңындағы серіктестің орны ерекше. Оның дарыны, рөлді сомдаған кездегі қабілеті мен адамгершілігінің өзі сенің маман ретінде барлық қырларыңның ашылуына да себеп болып жатады. Бұл диалогқа ұқсас нәрсе, егер сұхбаттасушың қысқа жауап берсе, тек сен сұрақ қоюмен ғана шектелесің – ол жерде нағыз шынайы әңгіме, пікірталас болмайды.

Сіз бір сұхбатыңызда ол екінші анаңызға айналды дедіңіз. Бұл кадрда көмектесті ме?

Әрине, көмегі болды. Сондықтан да бұл актерлік шеберлік емес, бұл сезіну дер едім.

Самирді сомдаған жас актермен қарым-қатынасыңыз жайлы не дейсіз? Кейіпкерлер арасындағы сенім қаншалықты маңызды?

Барлығы сенімге сүйенеді. Онсыз ешнәрсе істей алмайсың. Түсірілім кезінде балалармен қарым-қатынаста «ересектің рөлін» ойнамау керек, оның жанында адал адам болып қалған жөн. Балалармен жұмыс істеу, бұл – техника емес, бұл –шынайылық. Егер осы шынайылық пайда болса, қалғаны өз-өзінен бола береді.

Сіз еңбек жолын КТК («көңілді тапқырлар клубы) бастадыңыз ғой, драмалық рөлдерде бұл тәжірибеңіздің пайдасы тиді ме?

– КТК маған сахнаны, ырғақты, еркіндікті сыйлады. Бірақ кинода тыныштыққа қайта үйренуге тура келді.

– Эмиль, «Пейіш. Жұмақ ананың табанының астында» картинасын қараған соң, көрерменнің қандай әрекеті сізге қатты әсер етті?

Ең алдымен, адамдар фильмнен кейін «анама хабарластым» дегені қатты әсер етті. Күнделікті өмірдің қым-қуат ісімен өмірдегі ең маңыздыны ұмытып кетіп жатамыз. Құндылықтарымызды бұрмалап, ең маңыздының өзін кейінге қалдырамыз. Жұмысымызды бірінші орынға қойып, жақындарымызбен жылы қарым-қатынасты, жаймашуақ әңгімелесуді соңына қоямыз. Ал былай қарасақ, біз жақындарымыздың өмірі жақсы, жеңіл әрі бақытты болсын деп жұмыс істейміз емес пе?! Бірақ шынайы өмірде мүлдем басқаша болып жатады.

«Пейіш. Жұмақ ананың табанының астында» фильмін түсірілім локациясы көп, роуд-муви деуге болады. Қандай орын сізге ерекше әсер етті?

Иә, шынында да, түсірілім болған жерлер әдеміболды, бірақ жерлер емес, ол жердегі сезінген сезімдерің есте қалады.

Сіздің ойыңызша, бұл фильм қоғамның отбасы, адамгершілік тақырыбына деген қарым-қатынасын өзгерте ме?

Бір фильм барлығын өзгерте ала ма, алмай ма, білмеймін. Бірақ бір адамның санасына ой салып, оны өзгерте алса, соның өзі нәтиже болмақ.

– Егер көрермен фильмнің бірінші бөлімін көрмеген болса, оны қалай қызықтырар едіңіз? Және бұл фильмді көргеннен кейін көрермен өзімен не алып кеткенін қалар едіңіз?

Бұл сюжет жайлы емес, бұл сезім жайлы оқиға. Егер киноны көрген адамның жан дүниесі сәл тыныштыққа бөленіп қайтар болса, онда біз барлығын дұрыс істедік. Картинада сауалдарға дайын жауап жоқ, ол көрерменге өз-өзімен қалған уақытта ойлантатын сұрақ қояды. Фильмді көрген әр адам бір сәтке тоқтап, өз өміріне, айналасындағыларға басқаша көзбен қарайтындай ниеті пайда болса деймін.

Болашақта сомдағыңыз келетін киноарманыңыз, рөліңіз немесе сахналағыңыз келетін оқиға бар ма?

Әрине, алға қарай жүре бергім келеді. Тек форма емес, мән-мағынасы терең, барынша күрделі, адал оқиғалардың кейіпкері болғым келеді. Әрі қарайғы актерлік жолымда шынайылық, адалдық бар рөлдерді сомдауды ойлаймын.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2026 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз