Ақтөбеде қалалық мәслихат депутаты Аслан Қайырғалиев тойдағы видеоға байланысты жазаланды. Кадрларда оның бума-бума ақшаны беташарда жұрт көзінше санап тұрғаны көрінеді. Желі қолданушылары оны бірден таныды. Қайырғалиев депутат қана емес, сонымен бірге әкімнің ұлы екені де белгілі. Кейін ол бұл әрекеті орынсыз болғанын мойындады.
Бұл видео алдымен той өткен мейрамхананың Instagram парақшасында жарияланған. Кейін оны жергілікті пабликтер тарата бастады. Бірі мұны қазақтың дәстүрінде бар қалыпты жағдай десе, енді бірі оны бос мақтан деп сынға алды. Әлеуметтік желі қолданушылары Қайырғалиевтің жай қонақ емес, депутат әрі әкімнің ұлы екенін атап өткен.
«Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаттық әдеп жөніндегі комиссиясының шешіміне сәйкес, депутат Аслан Қайырғалиевке сөгіс жарияланды. Комиссия Instagram желісінде жарияланған бейнежазбаларды жан-жақты қарап, барлық мүшелердің пікірін ескере отырып осындай шешім қабылдады», – деді мәслихат төрайымы Анар Даржанова.
Депутаттың өзі видеодағы ақша оның жеке қаражаты емес екенін айтады. Оның сөзінше, бұл достардың ортақ сыйлығы болған.
«Видеода достардың ортақ сыйлығын тапсыру сәті түсірілген. Мен тойда күйеу жолдас ретінде қатысып, сол сыйлықты тапсырдым. Бұл менің жеке сыйым емес. Қазір ойланып қарасам, ақшаны санаған сәтім орынсыз көрінуі мүмкін екенін түсінемін. Менің мақтанатын ойым болған жоқ. Бұл жақын досымның тойындағы эмоциялық сәт. Қоғам алдындағы тұлға ретінде сынды қабылдаймын және мұндай жағдайлар енді қайталанбайды», — деді ол.
Қайырғалиев 27 жаста. Ол бизнес саласында жұмыс істейді, 2022 жылдан бері «Анвар» сауда желісінде директордың орынбасары қызметін атқарады. Мәслихатқа жас кәсіпкер ретінде келген. Әкесі Аскар Қайырғалиев қазіргі таңда Ойыл ауданын басқарады, бұған дейін аудан әкімдігінде ұзақ жыл қызмет еткен.
Бұл оқиғаның резонанс тудыруы кездейсоқ емес. Лауазымды тұлғаның көпшілік алдында ақша санауы сұрақ туғызбай қоймайды. Тіпті ақша өзінікі болмаса да.