«Қазақтелеком» басшысы Бағдат Мусиннің айтуынша, жаңа технология арқылы интернет 50-ден астам тұрғыны бар 3000 ауылға тартылады. «Қазақтелеком» басқарма төрағасы Бағдат Мусин бұл туралы Самұрық-Қазына қоғамдық кеңесінің отырысында мәлімдеді. Оның пікірінше, қазақстандықтарды интернетпен қамту – компанияның басты басымдықтарының бірі. «Тазарту», «Sapa+» және «Ауыл Online» жобалары аясында 630 мың отбасы жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізген.
2027 жылдың соңына дейін:
Самұрық-Қазына қоғамдық кеңесінің төрағасы Болат Жәмішев ауылдарды іріктеу критерийлері мен жаңа кезеңнің айырмашылығын Мусиннен сұрады.
«Бұрын оптикалық желі тек мектеп, әкімдік, медпункт сияқты нысандарға ғана тартылатын. Енді ауылдағы кемінде 30% үй шаруашылығы интернетке қосылуы тиіс. Әрі қарай даму халық сұранысына байланысты болады», – деп түсіндірді Бағдат Мусин.
«Соңғы шақырым» мәселесін шешу үшін компания FWA (тұрақты сымсыз қолжетімділік) технологиясын қолданады. Бұл – кабель тартпай-ақ, базалық станциялар арқылы үйлерді интернетке қосуға мүмкіндік береді.
«Біз мобильді оператор емеспіз, бірақ үй шаруашылықтарын шамамен 50 Мбит/с жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз етеміз. Бұл мобильді байланысқа ұқсас, алайда нақты үйлерге бағытталған технология», – деді Бағдат Мусин.
Пилоттық жоба қазірдің өзінде 250+ санатына жататын 120 ауылда іске қосылған, ал алдағы уақытта оны кеңейту жоспарланып отыр. «Қазақтелеком» басшысының айтуынша, мұндай шешімдер бұған дейін Қытай мен Үндістанда сәтті қолданылған.