ҚР Ішкі істер министрлігі Еуропалық Одақтың «Қазақстанда қылмыстық әділсот жүйесін жетілдіру» жобасымен бірлесіп «Пробация институтын жетілдіру» пилоттық жобасын өткізді.
Оның мақсаты – пробацияның қолданыстағы үлгісін жетілдіру, жұмыс процестерін талдау, құқық бұзушының қауіп-қатерін бағалау жүйесін енгізу, сотқа дейінгі баяндаманың маңыздылығын арттыру деп хабарлайды ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Сарапшылармен құқықтық және ұйымдастырушылық мәселелер зерттелінді, құқық бұзушының қауіп-қатерін бағалау жүйесін қолдану және сотқа дейінгі баяндаманы дайындау бойынша пилот жүргізіліп жатқан өңірлердің (Астана қаласы Сарыарқа ауданының, Павлодар облысының Баянауыл ауданының және Қарағанды облысы Теміртау қаласының пробация қызметтері) пробация қызметкерлерімен тренингтер жүргізілді.
Жұмыс тобының пилоттық жобаны аяқтау қорытындысы бойынша Қазақстанда пробация институтын одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстар жасалынды.
Мәселен, пробация қызметі есепте тұрған адамдарды бақылауды күшейту немесе азайту қажеттілігін анықтау үшін, оның құқық бұзушылық қауіп-қатерін бағалау құралын еліміз бойынша енгізуді ұсынды.
Сарапшылар тобы сотқа дейінгі сатыда әлеуметтік-құқықтық көмек ұсыну механизмін қарастыруды ұсынып, атап айтқанда пробация қызметі соттың қылмыстық жазаның альтернативті шарасын тағайындағаннан кейін аталған көмекті сотқа дейінгі баяндама негізінде ұсынуды айтты.